«Хабар» Агенттігі» қызметкерлеріне баспаналы болу мүмкіндігін сыйлап, әлеуметтік бағытта алға жылжыды - Ерлан Бекхожин

24 Маусым 2021, 13:06
8372
Бөлісу:
«Хабар» Агенттігі» қызметкерлеріне баспаналы болу мүмкіндігін сыйлап,  әлеуметтік бағытта алға жылжыды - Ерлан Бекхожин
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Журналистер күні қарсаңында «Хабар» Агенттігі қызметкерлеріне үлкен сый жасап, пәтер кілттерін табыстады. Бүгін олар елордада бой көтерген «Хабар» түрғын үй кешенінің ресми тұрғындары атанды. «Хабар» Агенттігі АҚ-ның Басқарма Төрағасы Ерлан Бекхожин қызметкерлерді осындай қуанышқа бөлеген әлеуметтік жоба жайлы айтып берді.

«Хабар» Агенттігі» қызметкерлеріне баспаналы болу мүмкіндігін сыйлап,  әлеуметтік бағытта алға жылжыды - Ерлан Бекхожин


Агенттіктің мұндай жобаны қолға алуына не түрткі болды?

Осы жыл пандемиямен басталып, оның салдарынан небір қиындықтар туындап жатса да, біз - «Хабар» Агенттігі, қол астымыздағы қызметкерлерімізге қамқорлық танытуды тоқтатпауға тырыстық. Бұл жобаның басты мақсаты - қызметкерлеріміздің жеке тұрғын үй алуына көмектесу, оларды бұқаралық ақпарат құралдары саласында одан әрі жұмыс істеуге ынталандыру. «Хабар» Агенттігі қызметкерлеріне бақыт сыйлау арқылы - жақсы жағдайда өмір сүрулеріне ат салысу. Біз үшін Агенттік мамандарының әлеуметтік тұрақтылықты сезініп жүрулері, қызметкерлеріміздің өздерін жайлы сезініп жүрулері, жайлы жағдайда өмір сүрулері өте маңызды. БАҚ қызметкерлерінің жалақы деңгейі, мысалы, мұнай-газ саласы қызметкерлерінің немесе ұлттық компаниялардың еңбекақыларынан айтарлықтай ерекшеленетіні жасырын емес. Сондықтан да олар үшін баспана мәселесі әрқашан өзекті болып келді. Төрт телеарнадан құралған «Хабар» Агенттігі» телеотбасы әрдайым өз қызметкерлеріне қамқорлық көрсетті, көрсетіп келеді және көрсете береді де. Мысалы, 2008 жылдан бастап біз баспанаға мұқтаж қызметкерлерге сервистік жатақхананы ұсындық. Бұл өздерінің жеке шаршы метрлеріне, болашақ баспаналарына үнемдеуге, ақша жинауға жақсы мүмкіндік берді. Төрт жыл бұрын жағдайды жақсарту мақсатында Агенттік жұмысшыларды басқа жаңа ғимаратқа, жеке санитарлық жағдайлар қарастырылған пәтер типтес жатақханаға көшірді. Биыл біз «Хабар» тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізген үлкен жобаны жүзеге асырдық, соның арқасында Агенттік өзінің әлеуметтік бағытында алға қадам жасады деп айта аламыз.

«Хабар» Агенттігі» қызметкерлеріне баспаналы болу мүмкіндігін сыйлап,  әлеуметтік бағытта алға жылжыды - Ерлан Бекхожин

Агенттік жүзеге асырған сол әлеуметтік жобаға кеңірек тоқталып өтсеңіз... Жоба аясында қанша пәтер берілді және қандай шарттармен?

Оны әлеуметтік жоба деп атауымыздың мәні бар. Себебі, біздің басты ниетіміз – қызметкерлеріміздің өз баспанасына қол жеткізуіне жәрдемдесу еді. Бұл ең алдымен қызметкерлердің әлеуметтік мәселесін шешуге бағытталды. Сонымен біз өз тарапымыздан не істедік? Біздің агенттіктің активінде тұрған жер учаскесі болды. Бірақ, оған тұрғын үй кешенін салуға қаражат жоқ. Содан өзінің жеке қаражатына тұрғын үй салып беруге келіскен құрылыс компаниясымен серіктестік орнаттық. Есесіне, біз пәтерлерді алдық. Бір бөлігін тегін, бір бөлігін жақсы жеңілдік негізінде алдық. Мысалы, бүгінде нарықта бұл мекен-жайлар бойынша тұрғын үй кешендерінің бағасы шаршы метр үшін 380 мың теңгеден болса, біздің қызметкерлер 270 мың теңгеден алу мүмкіндігіне ие болды. Қызметкерлеріміздің баспаналы болу мүмкіндіктері үшін бағасы, құны жағынан жасалған айырмашылықты байқаған боларсыз...

Адамдардың бір бөлігі - жалға алу құқығы аясында, кейіннен сатып алу мүмкіндігі берілген жүйе арқылы баспаналы болса, қалған 200 қызметкер агенттік тарапынан жасалған жақсы жеңілдікпен өз баспаналарына ие болды.

Қызметкерлер арасында пәтерді бөлу қандай критерийлерге негізделді?

- Критерийлер әр түрлі болды. Бірінші кезекте біз агенттікке қажет деген қызметкерлерге көмектесуді жөн санадық. Олардың кәсіби қызметтегі еңбегі, деңгейі, жұмыс тәжірибесі, сонымен қатар әлеуметтік жағдайы да ескерілді. Олар: көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар және т.б.

Алдағы уақытта қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз етуге арналған осындай жобаны тағы жүзеге асыру жоспарда бар ма?

Барлығының баспаналы болуына ат салысу - біздің үлкен арманымыз, қалауымыз. Бірақ, өкінішке қарай, біздің қалауымыз әрдайым мүмкіндіктерімізбен сәйкес келе бермейді. Қалай болғанда да, алдағы уақытта біз осы мақсатымызды жүзеге асырудың жолдарын қарастыратын боламыз. «Хабар» Агенттігі әрқашан өз қызметкерлеріне қамқорлық жасауға және олардың өзекті мәселелерін шешуге тырысады. Агенттікте қиын жағдайға тап болғандарға материалдық қолдау көрсететін кәсіподақ бар. Сонымен қатар, біздің кадрлар департаментіне қарасты HR бөлімі өндіріс қызметкерлері үшін әрдайым курстар ұйымдастырады, онда әлемге әйгілі мамандар дәрістер оқиды. Агенттікте қызметкерлердің қызмет сатысымен өсуге толықтай мүмкіндігі бар. Өйткені, «Хабар» - елдің медиа қоғамдастығындағы кадрлардың негізгі көзі болып қала береді.

«Хабар» Агенттігі» қызметкерлеріне баспаналы болу мүмкіндігін сыйлап,  әлеуметтік бағытта алға жылжыды - Ерлан Бекхожин


Агенттік қолдауымен баспаналы болған қызметкерлердің де жоба жайлы айтарлары бар:

Баян Арыстанова, «EL ARNA» телеарнасының бас режиссері:

«Хабарда» қызмет етіп келе жатқаныма биыл 24 жыл болды. Агенттіктің ардагері ретінде өз атымнан және әріптестерімнің атынан өте тиімді шарттармен баспаналы болу мүмкіндігін сыйлаған «Хабар» Агенттігінің басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Барлық әріптестерімді бүгінгі қуанышты күнмен шын жүректен құттықтаймын! Үйіміз құтты болсын! Шаңырағымыз шаттыққа толы болсын!

Достық Бекбаев, «Хабар» телеарнасы жаңалықтар қызметінің шығарушы редакторы:

Кәсіби мерекеміздің қарсаңында «Хабар» Агенттігінің басшылығы үш бөлмелі пәтер беріп отыр. Сол үшін отбасымыздың атынан алғыс айтамын! Аллаға шүкір, анамыз, төрт перзентіміз бар. Өзгелер пәтерге қол жеткізіп жатқан кезде біз оларды түсіріп, олармен сұхбаттасып, қуанышымен бөлісіп жүретінбіз. Енді міне, өзіміз де сондай бақытты сәтті сезініп отырмыз.Елордаға көшіп келген мамандар үшін баспана мәселесі өзекті. Ал жұмыс орны осындай түйткілдің түйінін тарқатып берсе, қызметкерлер де алаңсыз, ерекше құлшыныспен жұмыс істейді. Біздің «Хабар» Агенттігі осы мәселеге бұрыннан баса мән беріп келеді. Сол үшін мың алғыс!

Ақерке Құралсын, «Хабар» Агенттігі дизайн және телевизиялық графика департаментінің дизайнері:

Мен "Хабар" Агенттігінде 2013 жылдың наурыз айынан бері графикалық дизайнер қызметін атқарамын. Қазіргі таңда екі баланың анасымын. Жұмыс орнынан баспанаға қол жеткізгеніме қуанышым шексіз! «Хабар» Агенттігі басшылығына осындай қолдау көрсетіп жатқандарына үлкен алғыс білдіремін!



Өзгелердің жаңалығы