Әлемдегі дамыған елдердің барлығы да ең алдымен ғылымға мән берген. Ғылымы дамыған мемлекеттің экономикасы да, мәдениеті де қарыштап дамитыны белгілі. Бұрын үлкендер «дүние арбаның дөңгелегіндей» деген теңеуді қалай дәл тауып атқанына қазіргінің биігінен қарап таң қалмасқа шарамыз жоқ.
Себебі, ең алғашында ғылым мен білімнің, өркениеттің ошағы Орталық Азия мен шығысқа шоғырланған еді. Әлемге әйгілі ғалымдар да, ғұламалар да, кітапханалар да шығыста болатын. Тіпті Әлем деген сөздің өзі көп жағдайда шығысқа қарата айтылатын. Ал, қазір мүлдем керісінше. Бір жаңалық ашылса, бір ғалым жаңа дүние ойлап тапса, әлемде осындай өзгеріс болып жатыр десе бәріміз де ең алдымен батысқа жаққа алаңдаймыз. Себебі, әлем деген сөз бен батыс деген сөз біртұтас болып кеткен.
Орта ғасырдағы Ағартушылық дәуірінің кіндігі де, экономикалық және әскери қуатты ошағы да Орта Азияның аймағы болған еді. Айталық, біз энциклопедист-ғалым әл-Бирунидің Колумбтан үш ғасыр бұрын өз үйінде отырып-ақ, есептеу арқылы Американы ашқанын біле бермейміз. Ал ибн Синаның IX және X ғасырлар белесінде жазылған «Дәрігерлік ғылымның каноны» еңбегінің 600 жыл бойы дүниежүзінің барлық оқу орындарында, оның ішінде Еуропаның ең белгілі университеттерінде медицинаның басты оқулығы болғанынан да хабарымыз жоқ. Готикаға атақты үшкіл арканың орталықазиялық архитектурадан келгені жөнінде де білеріміз аз. Бұл туралы Стивен Фредерик Старрдың «Ұмытылған ұлылық: Орталық Азияның араб шапқыншылығынан Әмір Темірге дейінгі алтын ғасыры» атты көлемді еңбегінде өте жақсы айтылған.
Қазіргі кезде артта қалған болып саналатын, зияткерлік жетістіктері үшін емес, негізінен, табиғи ресурстарына бола бағаланатын аймақта мың жыл бұрын өрбіген осынау пікірталас сияқты болашаққа бұндай батыл болжам ғылым тарихында жасалған емес. Мұны біз сақталып қалып, мың жылға жуық уақыттан кейін жарияланған қолжазба көшірмелері арқылы білеміз. Жиырма сегіз жастағы Әбу Райхан Мұхаммед ибн Ахмед әл-Бируни (973–1048) Арал теңізінің жағасында дүниеге келген. Ол география, математика, тригонометрия, салыстырмалы дінтану, астрономия, физика, геология, психология, минералогия және фармакология салаларында біршама жаңалық ашты. Оның жас әріптесі Әбу Әли Хусейн ибн Абдуллах ибн Сина немесе жай ғана ибн Сина (980 ж. ш. – 1037) даңқты Бұхара қаласында (қазіргі Өзбекстан), зиялы тұрмыс ортасында өсіп-жетілді. Ол медицина, философия, физика, химия, астрономия, теология, клиникалық фармакология, физиология, этика және музыка теориясы саласында жарқын із қалдырды, - дейді Стивен Фредерик Старр аталған еңдегінде
Ғалымның айтынша, аталған ойшылдардың көптеген еңбектері бізге тұтас жетпегендіктен олар турары мәлеметтер бұрмаланып кеткен. Рухани әлемнің шырақшысындай болған ғалымдар мен ойшылдардың ең құнды еңбектері жоғалған. Сондықтан олар туралы мәліметтерді жолай кездесетін деректер мен үзінділер арқылы ғана белгілі. Мәселен, ибн Синаның көлемі бірнеше беттен бастап бірнеше томға дейін жететін 400-ден аса еңбек жазғанын білеміз, бірақ бізге солардың әртүрлі пішімдегі 240-ы ғана жеткен. Солардың аз ғана бөлігі редакцияланып, жарық көрді. Бирунидің 180 еңбек жазғаны белгілі, ал олардың 22-сі ғана сақталған.
Қалай десек те, батыс елдерінің ғылымға дендеп көңіл бөліп отырғанын жоққа шығара алмаймыз.
Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев та ұзақ жылдан бері жұмысы тоқырап тұрған Ұлттық ғылым академиясына Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы деп жаңа атау беріп қайта ашты. Ондағы мақсат – Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін арттыру. Ғылыми қауымдастық жаңашылдықты жылы қабылдады.
Ең алғаш рет 1946 жылдың 1 маусымда ҚазКСР Ғылым Академиясы болып құрылған бұл орталық Қазақстандағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының үйлестірушісі болып саналады.
Бұл академия алған ашылған жылдары қазақтың біртуар ұлы, аса көрнекті қазақстандық геолог және қоғам қайраткері, геология-минералогиялық ғылымдар докторы, қазақстандық геолог-металлогенистер мектебінің негізін салушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев басқарған. Содан бері әр жылдарда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, Шапық Шөкіұлы Шөкин, Шахмардан Есенұлы Есенов, Асқар Меңдіахметұлы Қонаев, Мұрат Әбенұлы Айтхожин, Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазин,
Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев, Владимир Сергеевич Школьник, Нағима Әбенқызы Айтқожина, Серікбек Жүсіпбекұлы Дәукеев, Мұрат Жұрынұлы Жұрынов сынды ғалым, акадимиктер басқарған.
Біздің елімізде де ұзақ жылдар бойы ғылымға аса көңіл бөлінбей, біраз ғалымдарымыз әлемнің көптеген елдеріне кетіп қалып жатты. Бұл мәселе туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым саласында қордаланған проблемалар бар екенін бірнеше мәрте айтқан еді.
Өкінішке қарай, ғылым саласында проблема көп. Отыз жылда қаржыландыру, кадрлардың кетіп қалу мәселелері болды. Бір ғана факті келтірейін, 1991 жылы бізде тіркелген 52 мың ғылыми зерттеу қызметкері болса, 2000 жылы 12 мыңы ғана қалды. 35 мыңнан астам адам сол тоқсаныншы жылдары қиын жағдайларда нарыққа кетті, басқа салаларға ауысты. Біз әрең дегенде 2022 жылдың қорытындысы бойынша 22 мыңға көтердік, - дейді Нұрбек.
Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев Ұлттық Ғылымды дамытуды қайта қолға алуда.
Президенттің сөзінше, Шоқан, Абай, Әлихан, Ахмет, Қаныш сияқты арыстардың зиялылығы талайды таңғалдырған.
Өзге жұрттың қазақ туралы пікірі осындай тұлғаларымыз арқылы қалыптасқан. Қазір де өзінің білімі, өнері арқылы әлемді мойындатып жүрген жастарымыз аз емес. Олар кез келген тілді тез меңгеріп алады. Қандай ортаға да жылдам бейімделеді. Бізді әлем елдері көзі ашық, көкірегі ояу халық ретінде таниды. Білімпаздық, еңбекқорлық, алғырлық пен жасампаздық – қанымызға сіңген қасиет. Осы қасиеттерімізді әрдайым тиімді пайдалана білуіміз керек. Біз қазіргі заманғы технологияны меңгерген жас ғалымдарға зор үміт артамыз. Жастардың ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасап жатырмыз. Биыл Ұлттық ғылым академиясының жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Бұл кеңес талапты жастардың басын қосып, ғылым жолына жұмылдырады деп сенемін. Шәкәрім «Жас көңілде жарық бар» деп айтқан, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Расында да жастықтың жалыны, қайраты, энергиясы уақыт өткізіп алса ешқашан қайталанбайды.
Сондықтан жастық шақ – уақытты босқа өткізетін емес, ел үшін табанды қызмет ететін кез. Бұл туралы кезінде Бауыржан Момышұлы «жиырма жас, тарихи ерлік жасайтын жас» деп жастықтың асау болмысына баға беріп кеткен. Тарихты сәл парақтасақ бұл сөздің шыныдық екеніне көз жеткізуге болады. Айталық. академик Қаныш Сәтбаев небәрі 25 жасында «Алгебра» оқулығын жазуға кіріскен. Ал 30 жас шамасында Жезқазғандағы кен орнын ашқан. Шоқан Уалиханов та отызға жетпес өмірінде тұтас бір дәуірдің еңбегін жасаған. Қазақстанның шекарасын алғаш рет құжат жүзінде бекітуге күш салған Әлімхан Ермековтің жасы 27 де болатын. Сондықтан Мемлекет басшысы еліміздегі жас ғалымдарымыз туған еліне пайдасы тиетін жұмыспен айналысқаны жөн санады.
Ұрпақтың білімді, отаншыл, мемлекетшіл болуы маңызды. Жастарымыз Адал азамат болуы керек. Еліне, өз ісіне адал азаматтар ғана Қазақстанды көркейте алады, - деді Президент.
Қазіргі заманның даму жылдамдығына көз ілеспейді. Әлемде бір күнде бірнеше жаңалық ашылатын болса таң қалмаңыз. Футуристердің болашаққа қатысты болжамдарына қарасақ, 10-15 жылда жер беті айтарлықтай өзгеруі тиіс. Индустрия 4.0 - дәуірін бастан кешіп жатырмыз. Цифрландыру, жасанды интеллект, роботтандыру қатты дамып жатыр. Осборн мен Фрейдің болжамы бойынша, 2033 жылға дейін дүниежүзіндегі адамдардың 47% жұмыссыз қалады екен. Демек, біз заман ағыман қалып қоймас үшін ғылымға ерекше көңіл бөліп, барынша мән беруіміз керек.
Халықаралық білім беру мекемесі хабарлағандай, Стэнфорд университетінің зерттеушілері жыл сайын библиометриялық зерттеулер негізінде әлемнің ең үздік ғалымдарының рейтингін жасайды. Зерттеу 2 мәліметтер базасынан тұрады. Бірінші рейтингте бүкіл еңбек жолында ең көп сілтеме жасалған ғалымдар, екінші рейтингте өткен жылдағы ең көп сілтеме жасалған ғалымдар берілген.
Үміткерлер Scopus деректер базасында жарияланымның жоғары қарқыны мен авторлардың дәйексөздері негізінде таңдалды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Рәтбай Мырзақұлов екі тізімге де 2021 жылғы ең көп сілтеме жасалған ғалым ретінде және бүкіл әлем бойынша ең көп сілтеме жасалған ғалымдар тізіміне енді.
Жалпы елімізде ғылымға көңіл бөлінбей қалды деп ауызды құр шөппен сүртуге де болмайды. Елімізде болмаса да әлемнің түкпір түкпірінде еңбегі еленіп, әлем ғалымдарын мойындатып жүрген қазақ ғалымдары аз емес.
Биылғы жылғы ақпан айының алғашқы онкүндігі ғылым әлеміндегі адамзаттың жартысы мейрамымен ерекшеленеді. 11 ақпанда әлем ғылымдағы әйелдер мен қыздар күнін атап өтеді және БҰҰ дүние жүзіндегі барлық ұйымдарда ерлер мен әйелдерді ғылыми зерттеулерге және ғылыми білімді дамытуға тең қатысуға шақырады. Ғылымда тек ер адамғар ғана емес, ғылыммен айналысатын қыз-келіншектердің де қатары аз емес. Бүгін біз солардың арасында ғылым әлеміне бетбұрыс жасаған 5 қазақ әйелі туралы айтқаны жөн санадық.
Ажар Баешова
Техника ғылымдарының докторы, профессор, ғылым, техника және білім саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Ажар Баешова әлемдік ғылыми жаңалықтарға өз үлесін қосты. Ол өзінің әріптес ғалымдарымен бірге ең күшті металдардың бірі - титанды бөлу үшін химиялық әдістерді қолдана алды. Бұл жаңалық өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу жұмыстарына үлкен үлес қосты.
Толғанай Темірғалиева
2015 жылы қазақстандық ғалым Толғанай Темірғалиева мен жапондық профессор Сугур Нода суперконденсаторлар жасау жобасын бастады. Олардың ерекшелігі дәстүрлі конденсаторлардың беріктігінен 10-500 есе жоғары зарядтау жылдамдығы мен ұзақ мерзімділігі болып табылады. Олар жоғары электр қуатын өндіру үшін күріш қабығы мен өрік дәндерінен кеуекті көміртекті пайдаланады. Бұл экологиялық таза инновация энергия үнемдейтін технологиялардың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Хадичахан Рафикова
Хадичахан Рафикова жасыл химия саласында тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Оның ғылыми зерттеулері құрамында фосфоры бар иондық сұйықтықтар негізінде катализаторлардың жаңа класын жасап, Қазақстанда мұнай өңдеудің экологиялық таза технологияларына жол ашты. Инновациялық тәсіл сонымен қатар зиянды қышқыл еріткіштерді экологиялық таза сулы реагенттермен алмастыруды, осылайша мұнай-химия өнеркәсібінің қоршаған ортаға әсерін азайтуды қамтиды. Рафикова CRDF Global грантының иегері болды, Қазақстанның он жетекші ғалымдарының бірі ретінде танылды және үш инновациялық патенті бар.
Күнсұлу Зәкәрия
Күнсұлудың жетекшілігімен биологтар тобы коронавирустық пандемия кезінде QazVac вакцинасын жасап шығарды. Бұл жаңалық көптеген адамдардың өмірін сақтап қалды. Күнсұлу Закарья – биологиялық қауіпсіздік, биотехнология және микробиология саласындағы маман, ғылым және техника саласындағы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі ғылым мен техника мәселелері бойынша. Бүгін Халықаралық әйелдер күні жаһандық бастамасы Қазақстанның атын вакцинацияның дамуына ең көп үлес қосқан әйелдердің әлемдік рейтингіне енгізді.
Мадина Сәрсенова
Мадина Сәрсенова – арзан құрылыс материалы – сабан кірпіш түріндегі қалдықтарды пайдаланып суды тазартудың инновациялық әдісінің авторы. Ол қазір ревматоидты артритті емдеу үшін дің жасушаларын зерттеп жатыр.
«Білімге ұмтылу – әр мұсылманның міндеті». Бұл сөзді Термезден шыққан ғалым Әбу Иса әт-Тирмизи хадиске сәйкес жазып қалдырған Мұхаммед пайғамбардың сөзі. Бұл сөздер әмір әрі астроном Ұлықбек шамамен 1420 жылы Самарқандта салдырған медресенің кіреберс маңдайшасына жазылған.