Ғылыми жобалар конкурсына 900-ге жуық оқушы қатысады

26 Ақпан 2024, 19:47
369
Бөлісу:
Ғылыми жобалар конкурсына 900-ге жуық оқушы қатысады
Фото: BAQ.KZ -архив

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсы осы жылғы 26 ақпан - 1 наурыз аралығында Тараз қаласында өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Конкурс халықаралық тәжірибеге сай ашық көрме үлгісінде барлық санитарлық, медициналық, өрт қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп нормалары қатаң сақталып өткізіледі.

Конкурстың республикалық кезеңіне 19 секция бойынша – 679 жобамен 867 оқушы қатысады (оның 188 топтық жобамен 376 оқушы), оның ішінде ауылдық елді мекендерден 62 оқушы.

Бағдарламаға сәйкес қатысушыларға тарихи ескерткіштер мен мұражайларға мәдени-танымдық экскурсиялар мен ойын-сауық шаралар ұйымдастырылады. Конкурстың ережесі бойынша қорытынды кезеңнің қатысушылар санының 45 %-ы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдары және алтын, күміс, қола медальдарымен марапатталады, - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге еліміздің беделді жоғары оқу орындарының 20-ға жуық ректорлық білім гранттары табысталады.

Конкурстың жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша ең үздік жобалары АҚШ-та өтетін Regeneron ISEF-2024 Дүниежүзілік Ғылым және техника көрмесіне Қазақстанның атынан қатысады, онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген 3500-ден астам оқушылардың зерттеу жобаларының ең үздік өнертабыстары ұсынылады, - деп жазды "Дарын" ғылыми-практикалық орталығы.

Өзгелердің жаңалығы