Ғылымға жаңа серпін: Қазақстанда стратегиялық даму жоспары әзірленді

Жоспар ғылымды басқару жүйесін жетілдіру, кадрлық әлеуетті нығайту, салалық және өңірлік ғылымды дамыту, сондай-ақ бірыңғай инновациялық экожүйе қалыптастыруға бағытталған 72 іс-шараны қамтиды.

 Үкіметтің баспасөз қызметі 24 Шілде 2026, 21:50
24 Шілде 2026, 21:50
207
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен кеңесте Ғылымды стратегиялық дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы қаралды.

Құжатты Ғылым және жоғары білім министрлігі Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясымен, салалық мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және өзге де ұйымдармен бірлесіп әзірлеген.

Жоспар ғылымды басқару жүйесін жетілдіру, кадрлық әлеуетті нығайту, салалық және өңірлік ғылымды дамыту, сондай-ақ бірыңғай инновациялық экожүйе қалыптастыруға бағытталған 72 іс-шараны қамтиды.

Кеңесте ғылыми қызметті басқарудың жаңа моделіне ерекше назар аударылды. Ұсынылып отырған жүйе ұлттық ғылыми басымдықтарды айқындаудан бастап, зерттеу нәтижелерін нақты экономикаға енгізуге дейінгі барлық кезеңді қамтитын бірыңғай басқару тетігін қалыптастыруды көздейді.

Жаңа үлгіге сәйкес ғылымның басым бағыттары төрт деңгей бойынша айқындалады. Бірінші деңгейге ұлттық қауіпсіздік пен технологиялық тәуелсіздік үшін маңызды стратегиялық жобалар енгізілсе, екінші деңгей технологиялық серпіліс жасауға мүмкіндік беретін перспективалы бағыттарды қамтиды. Үшінші деңгейде іргелі пәнаралық және инженерлік зерттеулерге басымдық беріледі. Ал төртінші деңгей ғылыми кадрларды даярлау, инфрақұрылымды дамыту және зерттеулердің институционалдық негізін нығайтуға бағытталады.

Жоспарда ғылымның нақты экономикамен және өңірлермен байланысын күшейтуге де ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта ғылым қалалары мен ғылыми-технологиялық парктерді дамытудың кешенді үлгісін қалыптастыру ұсынылды.

Кеңес барысында Инновацияларды дамыту тұжырымдамасының жобасы да таныстырылды.

Аида Балаева мемлекеттік қолдау тек ғылыми және практикалық құндылығы жоғары, өндіріске енгізу және коммерцияландыру әлеуеті нақты дәлелденген жобаларға ғана көрсетілуі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ ол ғылыми жобалардың нәтижелері бойынша ашық есептілікті қамтамасыз ету, бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылау, заң бұзушылықтарға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін күшейту және нақты экономикаға қажетті перспективалы ғылыми әзірлемелердің бірыңғай тізілімін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Кеңесте Ұлттық ғылым академиясының негізгі бастамалары да таныстырылды. Академия президенті Ақылбек Күрішбаев ғылымның басым бағыттарын айқындаудың жаңа әдістемесі әзірленгенін айтты. Оның сөзінше, жаңа тәсіл ғылыми күн тәртібін мемлекеттің стратегиялық міндеттері, экономиканың сұранысы және әлемдік ғылыми-технологиялық үрдістер негізінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ғылымды стратегиялық дамыту жоспарына енгізілген сегіз пәнаралық флагмандық ғылыми жобаны жүзеге асыру мәселесі қаралды.

Жиында Кореяның KISTI институтымен бірлесіп құрылған SilkNet орталығының жұмысы туралы да айтылды. Бұл орталық мемлекеттік ғылыми-технологиялық саясатты болжау мен сараптамалық тұрғыдан сүйемелдеудің негізгі алаңына айналмақ.

Бұдан бөлек, Қытай ғылым академиясымен бірлесіп жүзеге асырылатын DeepBas жобасы таныстырылды. Жоба кеңістік пен уақыт деректеріне негізделген жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған. Оны 2027 жылы Қазақстанның үш ірі су алабында пилоттық режимде іске қосып, кейін басқа салаларға кеңейту жоспарланып отыр.

Кеңес қорытындысында Аида Балаева ғылымды дамыту мен инновацияларды дамыту жоспарларын бір құжатқа біріктіруді, сондай-ақ жобаны айтылған барлық тұжырымдамалық ұсыныстарды ескере отырып пысықтауды тапсырды.

Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары ғылыми-зерттеу институттарына толық түгендеу жүргізіп, олардың кадрлық және ғылыми әлеуетін бағалау, сондай-ақ мүмкін болған жағдайда ғылыми инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті.

Наверх