Ғылымға үлес қосу үшін аянып қалмасымыз анық – Смирнова

22 Тамыз 2023, 15:13
788
Бөлісу:
Ғылымға үлес қосу үшін аянып қалмасымыз анық – Смирнова

Алматыда Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясында Мәжіліс депутаты Ирина Смирновамен кездесу өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жиында отандық ғылымды ілгерілету, талай жыл қордаланып қалған ғылым мәселелерінің шешімін табу жолдары айтылды.

Мәселенің қаншалықты тереңде жатқанын аңғаруымыз керек. Бізде ғылыммен айналысатын кадр жоқтың қасы. Ғылымды дамытуды осыдан бастайық. Шетелдік білім беру мекемелерінің оқу бағдарламасын саралауымыз қажет. Солардың ішінен бізге қолайлысын алып енгізсек, отандық ғылымға кәсіби мықты мамандар ден қояр еді. Осы тектес бірқатар мәселені тізбектеп айта беруге болады. Бірақ кадр тапшылығы кезек күттірмейтін іс болып отыр, – деді Президент жанындағы ҰҒА вице-президенттері Ақылбек Қажығұлұлы.

Басқосу барысында жас ғалымдардың жобасына қолдау көрсету керектігі айтылды, ғылым саласындағы өзекті тақырыптар көтерілді.

Қазір ғылымның дәуірлеп тұрғанын ешкім жоққа шығара алмас. Елімізде ғылымға ерекше көңіл бөлініп жатқаны барлығымызды қуантады. Мемлекет басшысы ғылымсыз алға жылжу жоқ екенін бірнеше рет қадап айтты. Бұған дейін Күнсұлу Дальтонқызымен кездесіп, ғылымның жай-күйі туралы әңгімелестік. Ойымыз бір жерден шықты. Ғылымға үлес қосу үшін аянып қалмасымыз анық, – деді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.

Жиынға онлайн қатысқан шетелдегі қазақ ғалымдары да өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Білікті ғалымдарды жұмыспен қамтып, олардың әлеуетін отандық ғылымды дамытуға бағыттау жайы қозғалды.

Өзгелердің жаңалығы