Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан Қоғамдық кеңес құрылды

28 Қараша 2022, 13:27
1000
Бөлісу:
Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан Қоғамдық кеңес құрылды

Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан Қоғамдық кеңес құрылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның құрамына Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, оқытушылар, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері кірді.  

Ғылым, жоғары білім және тіл саясаты мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің алғашқы отырысына министр Саясат Нұрбек қатысып, ведомствоның алдағы жоспарларына тоқталды.

Жаңадан құрылған министрліктің алдына Мемлекет басшысы үлкен міндеттер қойып отыр. Ғылым мен жоғары білім саласына қатысты барлық шешімдерді өздеріңіздің талқылауларыңызға ұсынамыз. Себебі Қоғамдық кеңестің жұмысы арнайы заңмен айқындалған. Құзіреті де жоғары. Жұртшылықтың, азаматтық қоғамның пікірін ескеріп, бізге қолдау көрсетеді деп сенеміз, – деді министр.

 Отырысқа Қоғамдық кеңестің 17 мүшесінің 11-і офлайн, 6-уы онлайн қатысты. Дауыс беру арқылы ғылым және жоғары білім саласында, сондай-ақ қоғамдық кеңес жұмысын жүргізуде тәжірбиесі мол қоғам қайраткері Серік Ырсалиев Қоғамдық кеңес төрағасы болып сайланды.

Министрліктің салалық бағыты ескеріліп, 5 комиссия құрылды. Олардың төрағалары сайланды.

1. Нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын қарау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша комиссия төрағасы болып «Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ғылыми кеңесшісі Жасұлан Шаймарданов;

2. Бюджет мәселелері бойынша комиссия төрағасы болып ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова;

3. Ғылым мәселелері бойынша комиссия төрағасы болып «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Күнсұлу Закария;

4. Жоғары білім мәселелері бойынша комиссия төрағасы болып азаматтық қоғам өкілі Амантай Нұрмағамбетов;

5. Тіл саясаты мәселелері бойынша комиссия төрағасы болып ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағамбетова сайланды.

Жиын соңында 3 жылға сайланған Қоғамдық кеңестің төралқасы бекітілді.

Өзгелердің жаңалығы