Бұған дейін ғылым саласында 51 млрд теңгенің қаржылық бұзушылығы анықталғанын жазған едік. Аудит қорытындысы бойынша екі адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, төрт адам қызметінен босатылған. Ал 32 адамға әкімшілік жауапкершілік қаралған. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов Құрылтайда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аудит қорытындысы бойынша 51 млрд теңгеге қаржылық бұзушылық анықталды. Аудит барысында оның 37,7 млрд теңгесі қалпына келтірілді. Қалған қаражат 2027 жылдың бірінші тоқсанында қалпына келеді деп күтіліп отыр. Себебі тиісті объектілерге берілген нұсқамалардың орындалуы қамтамасыз етілуі керек. Жауапкершілікке келетін болсақ, аудит қорытындысы бойынша екі адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Төрт адам қызметінен босатылды. 32 адамға әкімшілік жауапкершілік қаралды, – деді Нұрлан Нұржанов.
Бұдан бөлек, аудит қорытындысы бойынша үш материал процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілген.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қызметінен босатылған тұлғалар туралы қосымша ақпарат берді.
Біріншіден, Ғылым комитетінің төрағасы жұмыстан босатылды. Ұлттық сараптама және ғылыми-техникалық ақпараттандыру орталығының басшысы мен Ғылым қорының басшысы да қызметінен босатылды. Осы ғылыми процестерге қатысты барлық жауапты тұлғалар қызметінен босатылды, – деп толықтырды министр.