Ғылым саласында 51 млрд теңгеге қаржылық бұзушылық анықталды: Смайылов мән-жайды түсіндірді

11 Қараша 2026, 12:58
АВТОР
 freepik.ru 11 Қараша 2026, 12:58
11 Қараша 2026, 12:58
97
Фото: freepik.ru

Құрылтай отырысында депутат Александр Данилов Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтан ғылым саласындағы аудит барысында анықталған қаржылық бұзушылықтарды өтеу және олардың қайталануына жол бермеу шаралары туралы сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, аудит қорытындысында ғылым саласындағы қаржылық бұзушылықтар көлемі 51 млрд теңгеге жуық болғаны көрсетілген. Алайда оның қорытындысында аудит барысында небәрі 19 млн теңге өтелгені, 38 млрд теңгеге жуық қаражат қалпына келтірілгені және болашақ бюджеттік міндеттемелер 2,2 млрд теңгеге қысқартылғаны жазылған.

Александр Данилов бұл көрсеткіштердің экономикалық мәні әртүрлі екенін атап өтіп, қалпына келтірілген қаражаттың нақты нені білдіретінін және анықталған бұзушылықтардың қанша бөлігі әлі де қаржылай өтелуге тиіс екенін сұрады.

Сондай-ақ депутат 2025 және 2026 жылдары ғылымды қаржыландыру мен басқару саласында бірқатар бұзушылықтың қайталанғанына назар аударды.

Ол Жоғары аудиторлық палатаның мұндай жағдайлардың түпкі себептерін жоюға және келесі аудитте сол мәселелердің қайта анықталмауына қалай бақылау жүргізетінін сұрады.

38 млрд теңге қаражат қалпына келтірілген

Әлихан Смайылов аудит қорытындысы бойынша ғылым саласында жалпы сомасы 51 млрд теңге қаржылық бұзушылық анықталғанын айтты. Оның ішінде 13 млрд теңге өтелуге, ал 38 млрд теңге қалпына келтірілуге тиіс болған.

Бұл жерде екі ұғымды ажырата білу маңызды. Өтеу дегеніміз – ақшалай қаражатты аудару. Ал қалпына келтіру – есепті түзету, тауар жеткізу немесе қажетті жұмыстар мен қызметтерді орындау, – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Оның түсіндіруінше, қалпына келтірілуге тиіс 38 млрд теңгенің 35,2 млрд теңгесі Ғылым комитетінің зерттеу шығындарын негізсіз түрде күрделі шығындарға жатқызуына байланысты болған.

Тағы 2,2 млрд теңге коммерцияландыру жобалары бойынша алдағы кезеңдердегі бюджеттік міндеттемелерді қысқартуға қатысты. Бұған аталған жобалардың өткен кезеңде іске асырылмауы себеп болған.

Ал өтелуге тиіс 13 млрд теңге негізінен жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған міндеттемелерін орындамауына байланысты анықталған.

Атап айтқанда, оның 10 млрд теңгесі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бағыты бойынша, 600 млн теңгесі Энергетика министрлігі бағыты бойынша, ал 2,4 млрд теңгесі жер қойнауын пайдаланушылардың Astana Hub алдындағы міндеттемелерін орындамауына қатысты.

Аудит барысында 19 млн теңгеден астам қаражат өтелді. Қалған соманың өтелуі уәкілетті органдар мен Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында, – деді Әлихан Смайылов.

Аудит ұсынымдарының 55 пайызы орындалған

Жоғары аудиторлық палата төрағасы ғылым саласында қайталанған бұзушылықтарға да түсініктеме берді. Оның айтуынша, өткен жылғы аудит қорытындысы бойынша палата ғылымды қаржыландыру және басқару саласында бірқатар нұсқама мен ұсыным берген.

Алайда биыл ақпан-мамыр айларында қайта жүргізілген аудит кезінде бұрын берілген тапсырмалардың басым бөлігі әлі орындалу кезеңінде болған. Ғылымды басқару тетіктері мен заңнамаға енгізілуі тиіс өзгерістер толық іске аспағандықтан, аудит барысында осыған ұқсас бұзушылықтар қайта тіркелген.

Бүгінде өткен жылы берілген тапсырмалардың 55 пайызы орындалды. Ғылым және жоғары білім министрінің ақпараты бойынша, қалғандары жақын арада орындалады, – деді Смайылов.

Оның мәліметінше, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамаға сәйкес, Жоғары аудиторлық палата аудит қорытындысы бойынша нұсқамалар мен ұсынымдар береді. Нұсқамалар тәжірибеде 100 пайыз орындалады, өйткені оларды орындамағаны үшін жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Ал ұсынымдарды орындау олар жолданған уәкілетті органдардың құзыретіне жатады. Іс жүзінде олардың орындалу көрсеткіші 75 пайыздан асады.
Смайылов соңғы екі жылда Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік бюджет қаражатының пайдаланылуы мен мемлекеттік активтерді басқару тиімділігіне жүргізілетін аудиттің ауқымын екі рет кеңейткенін атап өтті. Аудиторлық іс-шаралар саны артқан сайын берілетін тапсырмалар, нұсқамалар мен ұсынымдар саны да көбейген.

Оның айтуынша, аудит қамтыған қаржыландыру көлеміндегі қаржылық бұзушылықтардың үлесі бүгінде 36 пайызға қысқарған. Ал қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану үлесі шамамен екі есе азайған.

Менің ойымша, бұл – Жоғары аудиторлық палата, аудит объектілері және Үкіметтің бірлескен жұмысының нәтижесі, – деп айтты Әлихан Смайылов.

Наверх