Ғылым арқылы ауылдың жаңа моделін жасаймыз – профессор

12 Сәуір 2024, 10:20
865
Бөлісу:
Ғылым арқылы ауылдың жаңа моделін жасаймыз – профессор
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мал азығының құнарлығын арттыру. Сүт өнімділігін көбейту. Еттің мәрмәрлік көрсеткішін жақсарту. Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен өнімділігін арттыру. Бұл салаларды дамыту мақсатында жаңашыл жобаларды жүзеге асырып жүрген ғалымдар аз емес. Ондаған жыл бойы тер төгіп, еңбектеніп жүргендердің қатарында Торайғыров университеті жанындағы агроинновация және биотехнология ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Қайролла Ахажанов та бар. Отандық ғылым күні BAQ.KZ тілшісі саналы ғұмырын ғылымға арнаған маманмен тілдесіп, әңгіме өрбітті.

- Қайролла Қасенұлы, әу бастан ғылым саласын таңдауға не себеп болды?

Ғылымға өндірістен келдім деуге болады. 32 жыл ауылда тұрдым. Кейін қалаға көшіп, Торайғыров университетіне жұмысқа орналастым. Әрине, ғылыммен айналысу бала кездегі арманым еді. Ғылыммен шұғылдану ертеден ойымда болған. Бірақ, Мәскеуде білім алып, диссертация қорғаған соң, заман өзгеріп кетті де, өндіріске аяқ бастым. Бағыма қарай, облыстық мемлекеттік тәжірибе стансасына жұмысқа орналастым. Алғашқы кезде директордың орынбасары, кейін басшысы болып, кезінде біраз ғылыми тәжірибе алдым. Бұл жұмыспен алты жыл бойы айналыстым. Сол кезде ғылыми тәжірибе жинап үлгердім.

Көпке дейін зиянды өсімдіктердің қойға тигізетін зиянын зерттеп, ел экономикасына тигізетін зақымын есептеп шығардым. Кейін сүт өндіру проблемаларымен шұғылдандым. Сүт өндіруді өсіру, малды дұрыс азықтандыру, әсіресе, жас малды қоректендіру мәселелерімен айналыстым. Бірнеше ғылыми еңбек те жазылды. Азықтың сапасын арттыру және жайылым өнімділігін арттырумен де айналысуға тура келді. Біздің жасаған ұсыныстарымыз жаман болған жоқ, кезінде түрлі марапат та алдық. Ал қазір заман басқа, ғылымға көзқарас өзгеріп келе жатыр.

- Қазіргі ғылымның ерекшелігі неде? Не өзгерді?

Көп нәрсе өзгерді. Қойылатын талаптар басқа, стандарттар өзгеше. Батыс станданттарына көшу үрдісі тағы бар. Бірнеше жыл бұрын Торайғыров университетінің жанынан агроинновация және биотехнология ғылыми-зерттеу институты ашылды. Біз өз зертханамызды ISO 17025 халықаралық стандарттарға көшіріп алдық. Ғылыми-зерттеу институтының атқаратын қызметі фермерлерге ғылыми тұрғыдан көмек көрсетуге бағыт алдық. Аз уақыт ішінде талай жұмыс атқарылды деп айтуға болады. Бүгінгі таңда облыстың ірі шаруашылықтарымен келісімшарт жасадық. Сол арқылы коммерциялық ғылымды дамытуға бет алдық.

Ғылым арқылы ауылдың жаңа моделін жасаймыз – профессор

- Зерттеу институты қандай бағытта жұмыс істейді? Соған тоқталып өтсеңіз.

Ғалымдар тобы сүт пен еттің сапасын, құрамын зерттейді. Сонымен қатар өнімділігін көбейту үшін ұсыныстар енгіземіз. Шаруалар ұсынысымыз бойынша жұмыс істеп, тәжірибеге енгізеді. Нәтижесінде қосымша табыс табады. Институт ұжымы салалық министрліктің гранттық қаржыландыру бағдарламаларына қатысады. Мәселен, мал азығының сапасын жақсарту бойынша жоба жүзеге асырылды. Мақсатымыз – жем-шөптің құнарлығы арқылы сүт және еттің өнімділігін арттыру. Бірінші кезекте азық құрамындағы протеин тапшылығын жою керек деген байламға келген. Мәселені шешу үшін жергілікті шаруа қожалықтарына ұсыныстарын айтып, бірлесіп жұмыс атқардық. Кешенді зерттеулер жемісін берді. Бірнеше шаруашылық ғалымдардың кеңесімен жем-азық дайындап, төрт түлікті қоректендірген. Нәтижесінде бір сиырдан алынатын сүттің жылдық мөлшері 8,5 мың литрге жеткен. Бұған дейінгі көрсеткіш 6 мың литрді құраған. Қазіргі уақытта нарықта мал азығына қажет қоспаларға сұраныс жоғары. Сондықтан протеин өндіруді өнеркәсіптік деңгейге көтеру қажет. Оны шешудің екі жолы бар осы күні. Бірінші – бұршақ тұқымдас өсімдіктердің егістік мөлшерін көбейту. Екіншісі – қоспалар. Неше түрлі протеинді қоспаларды азықтың рационына қосу арқылы осыны шешу. Біз мочевина қоспасының әртүрлі мөлшерін қосу арқылы малдың өнімділігін зерттедік. Жалпы, азықтың құрамын зерттеп отыру керек. Протеині қанша, клетчаткасы қанша, құрғақ заты қанша дегендей. 

- Табысты жүзеге асырылған жобалар туралы айтып өтсеңіз.

Жақсы деген жобалар жетерлік. Оның ішінде ауыл шаруашылығына органикалық өнімдерді өндіру жобасы бар. Бұл – аса маңызды әрі кенжелеп қалған салалардың бірі. Осы жоба бойынша жалпы сомасы 110 млн теңгеге тапсырыс жасалды. Болашақта гербицидтсіз, пестицидсіз таза өнім алу, экологиялық таза ет пен сүтті өндіруді қолға алу. Жобаның ерекшелігі осында. Алдағы уақытта үлгі ретінде бір шаруашылықты алғымыз келеді. Өндірістік база ретінде алып, өзге шаруаларға көрсету керекпіз. Жобаны облыс деңгейінде ғана емес, республика деңгейінде жүзеге асыру керек. Халыққа таза, құнарлы, пайдалы өнім қажет. Мысалы, сүт өндірісі кезінде ақтың құрамында антибиотик мүлдем болмауы керек. Ауыл шаруашылығын ғылыми тұрғыда қалай дамытамыз? Ол үшін болашағы мол жобаларды іске асыру керек. Ауылды тұрақты дамыту тағы бар. Ол үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жаңа сұрыптарын ойлап табу мен мал тұқымдарын өзгеріп келе жатқан климатқа бейімдеу. Әсіресе, жаһандық жылыну кезеңінде ыстыққа төзімді мал тұқымдарын дамыту керек. Өйткені, табиғат өзгеріп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың жаңа моделін жасау керек. Біздің жоспар осындай. Мақсатқа қол жеткізу үшін бар жағдай жасалған.

- Ғылыми қызметкерлердің біліктілігін арттыру да басты назарда шығар?

Ғылыми қызметкерлеріміздің өндірістегі тәжірибесі мол. Олар Германия, АҚШ, Израиль елдерінің жетекші орталықтарында тағылымдамадан өтті. Институт ашылғалы инновациялық жобаларымыз Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарының шаруа қожалықтарында енгізіліп жатыр. Мамандар мал өнімділігін арттыру бойынша тиімді әдістерді пайдаланады. Қазір қолымызда мал азығы, сүт, тұқымды картопты сараптау бойынша сертификатталған зертханаларымыз бар. 1200 мал басы бар төрт фермаға технологиялық сүйемелдеу жасадық.

- Тағы қандай қызмет түрлерін көрсетесіздер?

Институттың ғылыми тобы эмбриондарды трансплантациялау технологиясын меңгерді. Бұл әдістің көмегімен бір донордан жылына генетикалық әлеуеті жоғары 70-ке жуық бұзау алуға мүмкіндік береді. Тәжірибе көрсеткендей, жасанды ұрықтандыру кезінде эмбриондардың өміршеңдігі жақсы көрсеткіштерге ие. Сонымен қатар картоп өсірудің вируссыз тәсілін ұсынамыз. Бұл «картоп астанасы» атанған өңіріміз үшін аса маңызды. Бүгінде картоп өнімділігі зиянды вирус салдарынан төмендейді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы