БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Парсы шығанағындағы әскери қақтығыстың қайта өршуіне байланысты алаңдаушылық білдіріп, барлық тарапты жағдайды ушықтырмауға шақырды, деп хабарлады ТАСС агенттігі.
БҰҰ басшысының ресми өкілі Стефан Дюжарриктің мәлімдеуінше, Бас хатшы Иранның Ормуз бұғазындағы кемелерге жасаған шабуылдарына, АҚШ-тың Иран аумағына бағытталған соққыларына және Иранның көрші мемлекеттердегі нысандарға жасаған шабуылдарына алаңдап отыр.
Антонио Гутерриш барлық тарапты барынша ұстамдылық танытып, әскери іс-қимылдардың одан әрі өршуіне жол бермеуге және шиеленісті дипломатиялық жолмен төмендету үшін шұғыл шаралар қабылдауға шақырды.
Оның пікірінше, Таяу Шығыста кең ауқымды соғыс қимылдарының қайта басталуы аймақ тұрғындарына ғана емес, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке, сондай-ақ әлемдік экономикаға да ауыр зардап әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты БҰҰ Бас хатшысы АҚШ пен Иранды келіссөздер үстеліне қайта оралып, барлық даулы мәселелерді дипломатиялық жолмен шешуге үндеді.