Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Гүлмира Қанай: Мемлекеттік тілді дамыту – ұлттық бірліктің негізі

25 Сәуір 2025, 20:42
13287
Бөлісу:
 кейіпкердің жеке мұрағаты
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішіндегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің басты шарттарының бірі – тіл саясатына қатысты нақты ұстанымын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президент өз сөзінде елімізде ешқашан азаматты ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге жол берілмегенін және бұдан былай да жол берілмейтінін айтты. Сондай-ақ тіл мәселесін сылтауратып қоғамда жік туғызғысы келетін әрекеттер заң шеңберінде қатаң жазаланатынын ескертті.

Мемлекет басшысының осы ұстанымына Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлмира Әмірханқызы Қанай өз пікірін білдірді.

Президентіміздің бұл мәлімдемесі – Тәуелсіз Қазақстанның ұстанған бірегей бағытының жарқын көрінісі. Біз – көп ұлтты, көп конфессиялы мемлекетпіз. Мұндай елде тұрақтылықтың, өзара сыйластық пен сенімнің ең басты кепілі – тілге деген құрметті идеологиялық құрал емес, адамгершілік өлшем ретінде қарау. Ешкімді «тек мына тілде сөйле» деп мәжбүрлеу – демократиялық қоғамға жат әрекет. Бұл мәселе, әсіресе, білім беру саласында өте өзекті. Тіл – үйрететін, баулитын, біріктіретін күш, – деді Гүлмира Қанай.

Ректордың айтуынша, тілге қатысты ұстаным педагог мамандарды даярлау ісінде де айрықша маңызға ие. Өйткені мұғалім – болашақ ұрпақтың бойына ұлт пен мемлекетке деген сүйіспеншілікті сіңіретін негізгі тұлға. Ал бұл жолда тіл – басты құрал.

Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Оны дамыту – баршамыздың азаматтық міндетіміз. Алайда бұл өзге ұлт өкілдерінің тілін немесе құқығын шектеу дегенді білдірмейді. Біз QyzPU ұжымында тілдік ортаға құрметпен қарап, мемлекеттік тілді оқыту мен насихаттауда теңгерімді, тәрбиелік мәні жоғары тәсілдерді қолдануға тырысамыз. Ең бастысы – қоғамда алауыздық емес, түсіністік орнауы керек. Бұл – болашақ мұғалімдерді тәрбиелейтін оқу орны ретінде біздің басты ұстанымымыз, – деді университет ректоры.

Мемлекет басшысы өз сөзінде айтқандай, тіл – саяси ойынның құралы емес, халықты біріктірудің символы. Сол себепті Қазақстанда тұратын әр азаматтың құқығы мен еркіндігі, тілі мен ділі тең дәрежеде қорғалуы тиіс. Бұл – тұрақтылық пен дамудың кепілі.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті қоғамдағы рухани үндестік пен келісім құндылықтарын дәріптеуді, сонымен қатар мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы іс-шараларды жүйелі түрде жалғастыра бермек.

Өзгелердің жаңалығы