Гүлденген және тұрақты Қазақстан Орталық Азия өңірінің дамуына жаңа серпін береді – Шахрат Нұрышов

13 Шілде 2022, 17:31
1802
Бөлісу:
Гүлденген және тұрақты Қазақстан Орталық Азия өңірінің дамуына жаңа серпін береді – Шахрат Нұрышов

ҚХР Бейжің, BAQ.KZ тілшісі. Қытайда Қытай-Орталық Азия ынтымақтастығының ІХ форумы өтті. Қазақстанның ҚХР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышов форумның Орталық Азия елдері үшін маңызды екенін айтты.

Елші алдымен Ляонин провинциясының халық үкіметі мен ШЫҰ-ның тату көршілік, достық және ынтымақтастық жөніндегі Қытай комитетіне форумға шақырғандары үшін алғысын жеткізді.

Бұл форум аз уақыт ішінде өңірлік байланысты жүзеге асыратын маңызды алаңға айналғанын дәлелдей алды. Осы жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толып отыр.  Мемлекет басшыларымыз қаңтарда өткен онлайн саммитте дипломатиялық серіктестіктің 30 жылы ішінде Орталық Азия мен Қытай арасындағы байланыс нығая түсіп, стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін көтерілгенін айтты. Бұл елдеріміздің дамуы мен гүлденуіне, өңірде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді, сондай-ақ өзара құрмет пен әділеттілікке, тиімді ынтымақтастыққа негізделген жаңа үлгідегі мемлекетаралық қатынастардың үлгісі, - деді Шахрат Нұрышов форумда.

Оның сөзінше, биыл маусым айында Нұр-Сұлтан қаласында Ортылық Азия және Қытай форматындағы Сыртқы істер министрлерінің үшінші кездесуінде бірлескен мәлімдеме мен жол картасы қабылданған. Елшінің айтуына қарағанда, бұл құжаттар елдеріміздің болашақтағы перспективасын айқындап берді.

Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында елдеріміз арасындағы ынтымақтастық пен әріптестіктің 30 жылдығының жаңа, жарқын тарауын аша алатынымызға сенімдімін. Жаһандық өңірлік сын-қатерлер аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстанды құру үшін жаңа саяси реформаны іске қосты.  Бүкіл қоғам мен мемлекеттің өміріне оң әсер ететін саяси жүйені қайта іске қосу бойынша ауқымды мақсат қойылды. Осы орайда гүлденген және тұрақты Қазақстан бүкіл Орталық Азия өңірінің дамуы мен игілігіне жаңа серпін беретініне сенімдімін. Біз өзін перспективалы диалог алаңы ретінде көрсете білген Орталық Азия-Қытай форматын қолдаймыз, - деп атап өтті Қазақстанның Қытайдағы елшісі.

Өзгелердің жаңалығы