Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Грузияда жүргізілген зерттеулер көңіл көншітпес нәтиже берді, деп жазды "Хабар 24". Оған қатысқан балалардың 33 пайызының қан құрамында қорғасын мөлшері жоғары болып шықты.
Осыған байланысты жергілікті ақпарат құралдары дабыл қағып отыр, өйткені қорғасын қауіпті у екені белгілі. Ол адамдардың қанына қандай жолмен түскен және үкімет бұған қатысты қандай шаралар қабылдамақ? Екі баласы бар Анастасия Сущенко зерттеу нәтижелері туралы естіп, өз балаларын тексергісі келіп, қан үлгілерін сараптамаға тапсырды.Алдымен 3 жасқа толған үлкен қызымның қанын тапсырдық. Сараптама қорғасын мөлшері әдеттігіден 5 есе асып тұрғанын көрсетті. Зәреміз ұшып, бір жасар ұлымыздың да қанын тапсырдық. Оның жасында бұл көрсеткіш ноль болуы керек, бірақ ол 119 болды. Өзімнің қанымда қорғасын мөлшері 5-6 рет асып тұр. Қайдан уланғанымызды анықтауға тырыстық, - дейді Тбилиси тұрғыны Анастасия Сущенко.
Анастия күдік туғызған үйдегі бүкіл ойыншықтар мен заттарды лақтырып тастады. Тіпті отбасымен өзге жерге де көшіп кетті. Бірақ бұл нәтиже берген жоқ. Осыдан кейін барлық грузин тағамдарына қосылатын дәмдеуіштер күмән туғызды. Мамандар бұл жорамалын растады.
Бәріміз тағамға қосатын дәмдеуіштерде қорғасынның үлкен мөлшері анықталды. Алайда бұл қан құрамында қорғасын мөлшері артуының себебі емес, өйткені балалар ащы тамақты жақтырмайды. Біз дәмдеуіштер, су, сүт және шаң үлгілерін Англияға сараптамаға жібердік. Оның нәтижесі көктемде белгілі болады, - деді жұқпайтын аурулар бойынша департамент басшысы Лела Стуруа.Осыдан төрт жыл бұрын Грузия БҰҰ жанындағы балалар қоры ЮНИСЕФ-тен көмек сұраған болатын. 2018 жылы бұл ұйым зерттеу жүргізіп, бір жарым мыңнан аса баланы тексерді. Олардың 25% қорғасынның аз мөлшері, ал 16% тым жоғары мөлшері анықталды.
Зерттеу қорытындысы бойынша қорғасынмен уланудың протоколын жасадық. Осыған дейін еліміздің бұл бағытта тәжірибесі жеткілікісіз болған. Сол себептен өткен жылы мемлекеттік бағдарлама жасадық. Көрсеткіші бір децилитрге 5 микрограммнан асатын әрбір баланың отбасысы тегін дәрігерлік кеңес алып, зертхана сараптамаларынан өтеді. Керек болған жағдайда еммен қамтамасыз етіледі, - дейді жұқпайтын аурулар бойынша департамент басшысы Лела Стуруа.
Биыл бұл бағдарламаның ауқымы кеңейді. Енді жеті жасқа жетпеген барлық балалардың міндетті түрде қанындағы қорғасын мөлшері тексеріледі. Ал көктемде ЮНИСЕФ көмегімен елде жаңа зерттеулер жүргізіледі. Ол адам ағзасына қорғасын қай жолмен түсіп жатқанын анықтауы тиіс.