Грекияда Батыс Ніл безгегі көбейді: Тұрғындарға масадан қорғану ескертілді

Грекияның Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау ұйымы (EODY) масалар белсенді болатын кезеңде вирус жұқтыру жағдайлары елдің барлық аумағында тіркелуі мүмкін екенін хабарлады.

 istockphoto.com 23 Тамыз 2026, 13:19
23 Тамыз 2026, 13:19
93
Фото: istockphoto.com

 

Грекияда Батыс Ніл вирусын жұқтыру жағдайларының көбеюіне байланысты тұрғындарға маса шағуынан қорғану шараларын күшейту ұсынылды.

Грекияның Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау ұйымы (EODY) масалар белсенді болатын кезеңде вирус жұқтыру жағдайлары елдің кез келген аумағында анықталуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Ведомство ең алдымен қауіп тобына кіретін азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Елде анықталған жағдайлардың едәуір бөлігі Шығыс Аттика өңіріне, соның ішінде Маркопуло және Спата муниципалитеттеріне тиесілі екені айтылды.

Афина ұлттық Каподистрия университеті (EKPA) медицина факультетінің гигиена және эпидемиология профессоры Гикас Майоркинис Грекияның ERT мемлекеттік телеарнасының эфирінде ауру жұқтыру жағдайларының не себепті көбейгенін әзірге нақты анықтау мүмкін болмағанын айтты.

Профессордың сөзінше, вирус масаларға негізінен жұқтырған құстардан беріледі. Вирустың таралуында қарға мен сауысқан секілді құстардың рөлі ерекше.

Майоркинистің пікірінше, аурудың көбеюіне ықпал етуі мүмкін себептердің бірі – 2023 жылы Фессалияда болған «Даниэль» дауылынан кейін құстардың мекен ету ортасы мен көші-қон бағыттарының өзгеруі.

Сонымен қатар профессор 50 жастан асқан адамдарда, иммундық жүйесі әлсіреген және созылмалы аурулары бар азаматтарда дерттің ауыр өтуі мен өмірге қауіп төндіретін асқынулардың пайда болу қаупі жоғары екенін атап өтті.

Егде жас – аурудың ауыр өтуі мен өлімге әкелетін асқынулардың негізгі қауіп факторларының бірі, – деді маман.

Ол қауіп тобына жататын адамдарды маса шағуынан барынша мұқият қорғануға шақырды.

Майоркинис масаға қарсы рұқсат етілген құралдарды қолдануды, терезелерге москит торларын орнатуды, масаға қарсы торлы қалқаларды пайдалануды және мүмкіндігінше денені жауып тұратын киім киюді ұсынды.

Профессор сондай-ақ үйлерде, бақтарда, балкондарда, террасалар мен жер телімдерінде судың тұрып қалуына жол бермеуге шақырды. Өйткені мұндай жерлер масалардың көбею ошағына айналуы мүмкін.

Наверх