Грек-рим күресінен U20 Азия чемпионаты: Ел қоржынына үш медаль түсті

Азия чемпионатының бірінші күнінде-ақ қазақстандық балуандар екі күміс, бір қола медаль жеңіп алды.

 Ұлттық олимпиада комитеті Бүгiн 2026, 06:35
Бүгiн 2026, 06:35
169
Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Таиландтың Паттайя қаласында күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионаты басталды.

Жарыстың алғашқы күнінде грек-рим күресінен сынға түскен қазақстандық балуандар екі күміс және бір қола медаль еншіледі.

77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бақдәулет Тұрсынбек финалға дейін сүрінбей жеткенімен, шешуші белдесуде Өзбекстан өкілі Огабек Аскаралиевтен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды.

87 келіге дейінгі салмақта Әлихан Тағаев та финалға шығып, қырғызстандық Муслим Мамыровқа есе жіберіп, жарысты күміс медальмен аяқтады.

Ал 55 келіге дейінгі салмақта Әмірмұхаммед Кабулов қола медаль үшін өткен белдесуде Қырғызстан балуаны Курманбек Алимжановты жеңіп, Қазақстан қоржынына қола жүлде салды.

Осылайша, грек-рим күресінен өткен алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы екі күміс және бір қола медаль жеңіп алды.

Наверх