Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік грант нәтижесімен келіспейтіндер БҒМ және Ұлттық тестілеу орталығына қайта қарауға өтініш жаза алады.
«Мемлекеттік гранттар компьютер арқылы реттеледі. Объективті процесс. Адам араласа алмайды. Жақында Ұлттық тестілеу орталығында пресс-тур кезінде гранттың қалай берілетіні толық түсіндірдік. Әрине, конкурсқа қатысып, грантқа ілінбеген кез келген азамат нәтижесін қайта қарау үшін шағымдануға құқығы бар. БҒМ, Ұлттық тестілеу орталығына өтініш білдіруге болады. Біз әр адаммен жеке жұмыс істейміз, тексереміз. Дегенмен, қайталап өтейін, гранттың бөлінуіне ешбір жан араласа алмайды», - деді білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова.
Фатима Жақыпова мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналарына мамандық таңдауда кеңес берді.
«Гранттарды топтап емес, бағыт бойынша бөлінді. Республикалық конкурстық комиссия осы бөлінген тәртіп бойынша жұмыс істеген. Қазір кей мамандыққа сұраныс көп. Біз Еңбек министрлігімен, мемлекеттік органдармен, ұлттық компаниялармен бірлесіп, анықтадық. Қазір инженерлік, педагогикалық мамандықтарға мемлекет тарапынан сұраныс жоғары. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мектеп бітірушілерге, олардың ата-аналарына мұқият қарап, болашақта қандай мамандықтарға мемлекеттен қандай сұраныс болады, соған қарай бітірушілерге арнайы бағыт беру керек», - деді ол.
Биыл «Алтын белгі» алған түлектердің 1200-ден астамы грантқа түсе алмады. Грантқа түсе алмағандарға қосымша грант бөлінеді.