«Алтын белгісі» бар 1200-ден астам бала грантқа түсе алмады

1 Тамыз 2019, 16:10
6359
Бөлісу:
«Алтын белгісі» бар 1200-ден астам бала грантқа түсе алмады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 4600-ден астам «Алтын белгі» иегері грантқа ілікті. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова журналистерге брифинг барысында айтты.

Осы жылы грант нәтижесі былтырғымен салыстырғанда 5 күн ерте жарияланды.

«Бүгін БАҚ-қа республикалық конкурстың нәтижесі ілінді. Бұл – Республикалық конкурстық комиссия жұмысының нәтижесі. Грант иелерінің тізімі анықталды. Биыл конкурсқа 53 785 грант бөлінді. 64 452 адам қатысты. Жалпы орташа конкурс 1 грантқа 1,29 адамды құрады. Барлық иегерді құттықтаймыз. Былтырғы жылмен салыстырғанда грант нәтижелерін 5 күн ерте шығардық», - деді вице-министр.

Биылғы гранттардың басым бөлігі инженерлік, құрылыс және ІТ мамандықтарына берілген.

«Жыл сайын мемлекеттік грантты алу мүмкіндігі ұлғайып отыр. Жалпы грант санының 45% астамы инженерлік, құрылыс, ІТ мамандықтарға бөлінген. 8 мыңнан астам грант педагогикалық мамандықтарға бөлінген. Биыл конкурсқа қатысқан «Алтын белгі» иегерлерінің саны 5800-ден астам  болды. Оның ішінде 4600-ден астамы грант алды. Олардың ішінде ең жоғары саны инженерлік, ІТ, педагогикалық, жаратылыстану мамандықтарына болып отыр. Ең жоғары балл дәстүрлі медицина, соның ішінде стоматология, фармация, инженерлік мамандықтар, педагогикалық бағыттың ішінде шет тілі мұғалімдікке 100-ден жоғары балл көрсетіп отыр», - деді Жақыпова.

Вице-министр арнайы бағдарламалар арқылы грантқа түскендер санын атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік грант бөлуіне байланысты Үкімет қаулысына өзгерістер енгізу ұсынылып отыр екен.

«Мәңгілік ел жастары» арнайы бағыты бойынша да грант иегерлерінің саны өте жоғары – 5000-нан астам. «Серпін» бағдарламасы аясында тапсырғандар 5000-нан астам грант иеленді. Өкінішке қарай, грантқа ілінбеген адамдар да бар. Бірақ біз Үкімет қаулыларына өзгерістер енгіземіз. Содан кейін белгіленген тәртіп бойынша белгіленген бағыттарға гранттың берілуін Республикалық комиссия жалғастырады», - деді вице-министр.

Бұған дейін 2019 жылғы білім гранты иегерлерінің тізімін жариялаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы