Google компаниясы жасанды интеллектке арналған чиптерінің ғарыш жағдайында жұмыс істеу қабілетін тексеруге кірісті. Компания осы мақсатта спутник прототипін ұшырып, технологияның орбитадағы тиімділігін бағалауды жоспарлап отыр.
Компанияның мәліметінше, келесі аптада SpaceX-тің Falcon 9 зымыраны арқылы орбитаға Tensor Processing Unit (TPU) тензорлық процессорлары жіберіледі. Сынақ барысында чиптердің ғарышқа ұшу кезіндегі физикалық жүктемеге, радиацияға және температураның шектен тыс өзгеруіне төтеп беру мүмкіндігі тексеріледі.
Төмен Жер орбитасында спутниктер күн сәулесіне жер бетіндегі нысандарға қарағанда әлдеқайда тұрақты қол жеткізе алады. Бұл теориялық тұрғыда күн энергиясын өндіру көлемін айтарлықтай арттырып, орбитадағы есептеу қуатын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп мәлімдеді Google.
Компания болашақта бірнеше спутниктік топтаманы біріктіріп, оларды орбитада үлкен көлемдегі жасанды интеллект тапсырмаларын өңдеуге пайдалануға болатынын жоққа шығармайды.
Алайда Google мұндай жобаны жүзеге асыру үшін бірқатар техникалық мәселені шешу қажет екенін атап өтті. Соның ішінде орбитадағы деректерді өңдеу орталықтарын салқындату және спутниктер арасында өте жоғары өткізу қабілеті бар байланысты қамтамасыз ету мәселелері бар.
Кейбір нәрселерді тек ғарышта тексеруге болады. Алғашқы ұшырудың мақсаты – не жұмыс істейтінін анықтау, әлсіз тұстарды анықтап, алынған нәтижелерді болашақ миссияларда қолдану, – делінген компанияның мәлімдемесінде.
Google өкілдерінің айтуынша, ғарышты ауқымды жасанды интеллект есептеулеріне арналған орын ретінде пайдалану бірден жүзеге аса қоймайды. Бұл бағытта жабдықтың орбитадағы күрделі әрі болжап болмайтын жағдайларға төтеп бере алатынын дәлелдеуден бастап, жүйелі инженерлік шешімдер қажет.
Еске салсақ, Google, Microsoft және OpenAI киберқауіпсіздікті шұғыл күшейтуге шақырды. Хат авторлары қазіргі қауіпсіздік шаралары мұндай қатерлерге төтеп беруге жеткіліксіз болуы мүмкін деп санайды.
Тағы оқи отырыңыз: Оңтүстік Корея Google мен Apple компанияларын телекоммуникация заңнамасын бұзды деп айыптады