Ғимараттың тарихи келбетін сақтап қалу аса маңызды- Балаева

24 Шілде 2023, 16:00
760
Бөлісу:
Ғимараттың тарихи келбетін сақтап қалу аса маңызды- Балаева
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы «Ғылым Ордасында» жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәлімдеуінше, Ғылым ордасының бас директоры Л.П.Әбубәкірова мен «Qazaq stroy» құрылыс компаниясының басшылығы Б.Ибрагимұлы ғимараттың ішкі және сыртқы құрылыс жұмыстары жайлы толық ақпаратты берді.

 Болашақта атқарылар істердің жобасы да талқыланды. 

Ғимараттың тарихи келбетін сақтап қалу аса маңызды. Реставрациялық жұмыстар жүргізу барысында 50-60 жылдардың суреттері мен видео материалдарын негізге алу және ғимараттың бұрынғы келбетін көрген ақсақалдарымыз бен апаларымыздың пікірін ескеру керек, - деді Аида Балаева. 

Сонымен қатар ол, жөндеу жұмыстары жасалып жатқан құрылыс материалдарының сапасына да мән беру керектігін атап өтті.

Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары бес бағыт бойынша жүргізілуде: ғимараттың қасбеті және ішкі жұмыстар, сантехникалық және электротехникалық жұмыстар, сондай-ақ ғимараттың шатырын демонтаждау.

Негізгі жұмыстар инженерлік-коммуникациялық желілерді жөндеуге бағытталған. Жылыту және сумен жабдықтау жүйесі жаңартылады, сондай-ақ шатырды, қасбетті, терезелер мен лифттерді ауыстыру жүзеге асырылады. Ғимараттың өзінде коммуникациялар да ауыстырылады.

Естеріңізге сала кетейік, жөндеу және реставрациялау жұмыстарын іске асыру бойынша шығындарды «Qazaq stroy» құрылыс компаниясы толық өз мойнына алған.

Өзгелердің жаңалығы