ШҚО-ның 85 мың тұрғыны көгілдір отынмен қамтылмақ

12 Наурыз 2019, 23:12
2593
Бөлісу:
ШҚО-ның 85 мың тұрғыны көгілдір отынмен қамтылмақ

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы жылдары Зайсанның Сарбұлақ газ кен орнынан Шығыс Қазақстанның үш ауданындағы 52 елді мекенге газ тартылып, 85 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынмен қамтамасыз етілуі мүмкін. 

Қазіргі уақытта инвестициялық ұсынымы жолданған жоба жайын облыс әкімдігінің кеңейтілген аппарат кеңесі барысында облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асхат Букатов айтып берді.

«2019 жылдың 14 ақпанында облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына Тарбағатай ауданының Тұғыл, Жаңатілеу, Ақжар, Қабанбай, Ақмектеп, Қарасу, Шолақорда және Ақсуат сияқты сегіз елді мекеніне газ құбырларын тарту жоспарының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау жөнінде инвестициялық ұсыным жолданды. Сондай-ақ 1 ақпанда «Тарбағатай Мұнай» ЖШС-на аталған жобаларды газбен қамтамасыз ету жүйесіне қосу жөнінде техникалық шарт дайындау туралы ұсыныс жіберілді», - дейді Асхат Букатов.

Жауапты тұлғаның айтуынша, облыстың оңтүстік аймағын газдандыру мақсатында жақын жылдары Зайсан ауданындағы Сарбұлақ газ кен орнынан Күршім, Тарбағатай және Үржар аудандарының елуден астам елді мекеніне құбыр тартылмақ көрінеді.

«Сарбұлақ газ кен орнынан Күршім, Тарбағатай және Үржар аудандарының 52 елді мекеніне газ құбырларын тартуды жоспарлап отырмыз. Аталмыш үш бағытта біз жиырма мыңнан астам тұрғын үй мен 85 мыңнан астам тұрғынды қамтымақпыз. Ал жалпы, төрт бағыт бойынша жылдық газ тұтыну көлемін 47 700 текше метрді құрайтын болады», - деп қосты лауазымды тұлға.

Қоса кетсек, қазіргі уақытта Елбасының ел аумағын газдандыру бойынша бесінші бастамасын іске асыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтсақ, осы уақытқа дейін Сарбұлақ газ кен орнынан Зайсан қаласы мен Зайсан ауданының 9 елді мекеніне газ құбырлары толықтай тартылған болатын. Биыл осындай жұмыстарды Зайсан ауданының басқа сегіз ауылында жүргізу көзделіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы