Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осы жолы Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Франция, Жапония мен АҚШ елдерінің басшылары Эльмау қаласында бас қосты, деп хабарлады «Хабар 24».
Ал Еуроодақтың өзге елдерінің атынан Еуропалық Кеңес басшысы Шарль Мишель мен Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен қатысты. Самитте жоспарланған 7 жұмыс сессиясында жаһандық экономика, самитте қатысушы елдердің ынтымақтастығы, сыртқы саясат пен қауіпсіздік, сонымен қатар азық-түлік дағдарысы мен өзге де өзекті мәселелер пысықталмақ. Алқалы жиынның бірінші күні Украинадағы қарулы-қақтығыс жан-жақты талқыланды. Саясаткерлер Киевке көрсетілетін көмектің мерзімсіз болатынын жария етті. Саммитке жиналғандар жаһандағы инфляцияның шарықтауы мен экономикалық дағдарыстың ушығуына алаңдаушылық білдірді.
Әлемдік экономика енді қалпына келе бастағанда Ресей Украинаға басып кірді. Қарулы-қақтығыс барлық мемелкеттерде қымбатшылыққа әкеп соқты. Қазір азық-түліктен бастап энергия тасымалдаушылардың бәрі қымбат, - деді Еуропалық комиссия президенті Урсула Фон дер Лейен.
Үлкен жетілік елдері экономиканың құлдырауы, инфляцияның шарықтауы, шикізат тапшылығы мен жаһандық логистиканың бұзылуы сияқты сан түрлі мәселелердің ушыққанына алаңдайды.
Проблемаларды шешу үшін нақты шаралар қабылданатынына сенімдімін, - деді Германия канцлері Олаф Шольц.
G7 елдерінің көшбасшылары экономикалық әл ауқаты төмен елдерде тұрақты инфрақұрылымды дамыту үшін 5 жылдық жоспар құрды. 2027 жылға дейін іске асатын жобаға 600 млрд доллар инвестиция құйылады. Оның 200 млрд-н АҚШ ұсынса, 300 млрд долларды Еуроодақ елдері бөлетін болады.
Жаһандық инфрақұрылым мен инвестицияның дамуына арналған бағдарламаны іске қостық. Қазірдің өзінде әлем бойынша ондаған ірі жобамыз бар. Оған АҚШ алдығы 5 жыл ішінде 200 млрд доллар қаржы бөледі. Бұл көмек немесе қайырымдылық әрекет емес. Бұл барлық тарапқа пайда әкелетін инвестиция, - деді АҚШ президенті Джо Байден.