Германия климаттың өзгеруіне қарсы күреске тағы 500 млн еуро бөледі

13 Желтоқсан 2020, 14:30
1760
Бөлісу:
Германия климаттың өзгеруіне қарсы күреске тағы 500 млн еуро бөледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаражат әлемнің кедей елдерінде жаңартылатын энергия көздері саласындағы технологияларды дамытуға бағытталатын болады. 

Германия әлемнің кедей елдерінің климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласындағы күш-жігерін қолдауға 500 млн еуро бөледі. Бұл туралы Германия канцлері Ангела Меркель Париж климаттық келісімінің бес жылдығына орай БҰҰ виртуалды конференциясында сөйлеген сөзінде айтты, деп жазады korrespondent.net.

Германия қосымша 500 миллион еуро бөлгісі келеді және климаттың өзгеруіне қарсы бағдарламаларды қаржыландыруды жылына 4 миллиард еуроға екі есе көбейту туралы уәдесін ұстанады, – деді канцлер.

Меркель сонымен бірге Германия климаттың өзгеруіне қарсы күреске өз үлесін қосатынын және 2021 жылы желтоқсанда Глазгода өтетін БҰҰ-ның келесі Климаттық конференциясына халықаралық қоғамдастықтың көмегімен кедей елдерде климатты қорғау жоспарын құруға бар күшін салатынын атап өтті.

Германияның даму министрі Герд Мюллердің түсіндіруінше, оның министрлігінің бюджетінен 500 миллион евро бөлінеді. 2020 және 2021 жылдары олар жаңартылатын энергия көздері саласындағы технологияларды дамытуға бағытталатын болады, ал Дүниежүзілік банк және Өңірлік даму банктері арқылы жел және күн электр станцияларын құру қаржыландырылады. Сондай-ақ осы қаражаттан дамушы елдерде, әсіресе Африкада энергияны сақтауды жақсарту және электр желілерін дамыту үшін технологияларды әзірлеу қаржыландырылмақ.

Бұған дейін БҰҰ 2020 жылы әлемде парниктік газдардың концентрациясы рекордтық деңгейге жетті деп мәлімдеді.


Өзгелердің жаңалығы