Германия халқы климаттың өзгеруіне қатысты тиісті шаралар қабылдауды талап етті

25 Қыркүйек 2021, 15:54
4941
Бөлісу:
Германия халқы климаттың өзгеруіне қатысты тиісті шаралар қабылдауды талап етті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлемнің 80 елінде климатты қорғауға бағытталған шерулер өтіп жатыр. Германияның 350 қаласында мыңдаған адам көшеге шықты, деп жазды Хабар24.

Шерушілер саясаткерлерден климаттың өзгеруіне қарсы белсенді түрде күресіп, тиісті шараларды қабылдауды талап етті. Климаттың өзгеруіне қарсы  шеруге 20 мыңға жуық адам қатысты. Шерушілер Парламент ғимаратының алдына жиналды. Себебі екі күннен кейін елде парламенттік сайлау өтеді. Шараға қатысушылар биліктен климатқа қатысты саясатты шұғыл түрде өзгертіп, көмірден бас тартуды талап етті. 

Мен шеруге қатысу үшін ауылдан әдейі келдім. Себебі балаларымның болашағына алаңдаймын. Климаттың өзгеруі үлкен мәселе. Сондықтан биліктен баламалы қуат көздеріне көшуді сұраймын, - дейді Берлин қаласының тұрғыны.  

Немістерді жолдағы көліктердің көптігі де алаңдатып отыр. Өйткені машинадан шығатын улы газ ауаны шамадан тыс ластап жатыр. Осы ретте табиғат  қорғаушылар қоғамдық көлікте ақысыз жүруге жағдай жасау керек дейді. 

Біз саясаткерлердің климаттық дағдарысқа қарсы шұғыл шаралар қабылдағанын қалаймыз. Бізге көлік саясатын қайта қарау керек. Себебі қазір елде машина өте көп. Және жаңа энергетикалық көзқарас та уақыт күттірмейтін мәселе, - дейді тұрғындар. 

Шерушілер Берлиннің орталық көшелерімен жүруді жоспарлап отыр. Экобелсенділер шеру Бундастагтың жаңа депутаттарын ғаламдық мәселеге назар аударып, тиісті шараларды қабылдауға итермелейді деп сенеді.


Өзгелердің жаңалығы