Геолог ғалым Оразмағамбет Тұрмағамбетұлына арналған конференция өтті

15 Мамыр 2023, 21:35
2105
Бөлісу:
Геолог ғалым Оразмағамбет Тұрмағамбетұлына арналған конференция өтті

Қазақтан шыққан тұңғыш геолог ғалым, ағартушы ұстаз, қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының белді мүшесі, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Оразмағамбет Тұрмағамбетұлының 140 жылдыңы құрметіне орай конференция өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ғалымның 140 жылдығына арналған танымдық шараға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев, Есенов университетінің президенті Берік Ахметов, Оразмағамбет ахунның Иранда тұратын ұрпақтары мен туыстары, оның мұраларын зерттеген тарихшылар мен қаламгерлер қатысты.

Оразмағанбет Тұрмағамбетұлы 1882 жылы Маңғыстаудың Қызылсу деген жерінде дүниеге келген. Әкесі Тұрмағамбет хазірет өз заманында Орта Азияға белгілі діни қайраткер болған. Оразмағанбет – сол кездегі қазақтардан шыққан кен саласындағы алғашқы ғалым. Қазақ балаларының сауаттануына еңбек етіп, Қызылсу ауылында мектеп-медресе салдырған.

Берік Ахметов баяндамасында ғалым атамыздың білім мен ғылым жолындағы ізденістері мен азаматтық тұлғасын жастарға үлгі қылды.

Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы – тек Маңғыстауға ғана емес, күллі қазақ даласына танымал тұлға. Қазақтың белгілі зиялылары Б.Қаратаев, А.Байтұрсыновтармен тікелей байланыста болған. Ресей ғалымдары М.В. Баярунас, И.Н. Лупповпен бірге Маңғыстауда, Қарабұғаз аймағында басталған геологиялық-зерттеу жұмыстарына да қатысқан. Сондай-ақ Уфа мұнай базасында, Небит-Даг мұнай кәсіпшілігінде, Красноводск портында шетелдік мамандармен бірлесе қызметтер атқарады. Аса дарынды тұлға жер құрылысы, қазба байлығы, ауа райы, өсімдігі, шығыс медицинасы, халық емшілігі сияқты ғылымдарға ерекше назар аударады.

Орыс, түрік, ағылшын, парсы, араб, үнді тілдерін жетік меңгерген ғалым туған жерінің қазба байлығының игілігін елі көрсе екен деп армандаған. Бірақ аумалы-төкпелі заманда қудалауға түсіп, туған жерден амалсыз айрылып, Иранды паналайды. Соңында сол жерден ұсталып, Түркменстанда 1939 жылы ату жазасына кесіледі. Кей деректерде «Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы 1942 жылы 30 қазанда 61 жасында қайтыс болды» делінген. Оразмағамбеттің Мұхаммед, Шарғи, Панар, Жазила, Қазина деген балалары болған, олардан тараған ұрпақтар қазіргі таңда Иранда тұрады.

Бүгінгі конференцияда «Ұлыстың ұлы перзенті» атты тағы бір жаңа жинақтың тұсаукесері өтті.

Өзгелердің жаңалығы