Географиялық атаулардың жаңа әліпбимен жазылу ерекшелігі

29 Қараша 2019, 22:49
4087
Бөлісу:
Географиялық атаулардың жаңа әліпбимен жазылу ерекшелігі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы "Атаулардың тілдік мәні және ұлттық мазмұны" атты республикалық семинар өткізді.

Республикалық семинар ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың өкімімен 2018 жылғы 13 наурызда бекітілген "Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарындағы" жобаларды орындау мақсатында әзірленген ономастикалық атауларды латын графикасында транслитерациялаудың негізгі емлелік қағидаттарын айқындайтын қос жобаны талқылауға арналды.

Атап айтқанда Республикалық семинарда Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы географиялық атауларының латын графикасы негізінде жазылу ережелерін даярлаушы ғалымдар баяндама жасап, ережелерге жасалған сарапшылардың қорытындылыры таныстырылды.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ономастика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қыздархан  Рысберген латынграфикалы әліпби негізінде әзірленген ономастикалық ережелердің міндеттеріне тоқталып, жобаның жаңалықтарымен бөлісті. Ережедегі ұлты қазақ азаматтардың және Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің жиі қайталанатын аты-жөндерін транслитерациялау жолдарын санамалап, лингвистикалық және нормотивтік тұрғыдан зерделеді. Қазақстан аумағындағы елді мекен, ауылдық округ, жер-су атауларының транслитерациялануына қатысты  жаңа тармақтардың енгізілу себептерін түсіндірді.

Ал жобаны орындаушылардың бірі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай  Күдеринова "Қазақ тіліндегі ономастикалық атаулардың латынграфикалы әліпби негізінде жазылуындағы қиындықтар" тақырыбында баяндама жасап, ономастикалық атаулардың, оның ішінде антропонимдердің жаңа әліпби негізінде жазылу емлесінің "Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің" талаптарынан өзгеше болуының тілдік, лингвомәдени себептеріне тоқталды.

Семинар жұмысына Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының мүшелері, Республикадағы құжаттау мекемелерінің жауапты қызметкерлері, ономастика саласының ғалымдары, жергілікті атқарушы органдардағы облыстық тіл басқармалары мен ономастика бөлімдерінің басшылары, мамандары, сондай-ақ зиялы қауым және БАҚ өкілдері  қатысты. 

Семинарға қатысушы мамандар тарапынан айтылған ұсыныстар мен уәжді пікірлер жарыссөз барысында талқыланды. Семинардың қорытындысы бойынша жобалар қайта қаралып, мүдделі мекемелерге талқыланған және толықтырылған  нұсқасы жіберілетін болады.
Өзгелердің жаңалығы