Ғазиз Әбішев: Қазақстан соңғы бес жылда прагматикалық саясатқа бет бұрды

Саясаттанушы мемлекеттік басқарудың институционалдануы, саяси кадрлардың жаңаруы және қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың өзгеруі туралы айтты.

 ©BAQ.KZ/Анеля Өсерхан 21 Тамыз 2026, 12:58
21 Тамыз 2026, 12:58
107
Фото: ©BAQ.KZ/Анеля Өсерхан

Соңғы бес жылда Қазақстанның ішкі саясаты стратегиялық, ұтымды әрі прагматикалық сипат ала түсті. Сонымен қатар мемлекеттік шешімдер қабылдауға бейресми ықпал ету орталықтары мен қаржы-өнеркәсіптік топтардың әсері азайған. Бұл туралы саясаттанушы Ғазиз Әбішев Астанада өткен «Болашақ бейнесі: нәтижелерді саралаудан – жаңа күн тәртібіне» атты National Think Tank Forum барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшының айтуынша, соңғы жылдардағы маңызды үдерістердің бірі – мемлекеттік басқарудың институционалдануы.

Қазақстан соңғы бес жылда ішкі саясатты рационалдандыру және прагматикалық бағытқа көшіру жолында трансформациядан өтті. Қазір басты басымдық – Қазақстанның түрлі сыртқы және ішкі толқындарға төтеп бере алатын тұрақты мемлекет болуы, – деді Ғазиз Әбішев.

Бейресми ықпал орталықтарының рөлі азайды

Саясаттанушының пікірінше, болып жатқан өзгерістердің бір нәтижесі – бейресми тұлғалық және қаржылық ықпал орталықтарының рөлінің төмендеуі.

Бейресми тұлғалық және қаржылық ықпал орталықтарының, қаржы-өнеркәсіптік топтардың рөлі төмендеді. Олардың ықпалы айтарлықтай азайды, – деді ол.

Фото: ©BAQ.KZ/Анеля Өсерхан

Оның айтуынша, бұған дейін жекелеген тұлғалардың саяси салмағы атқаратын қызметіне қарамастан, байланыстары мен ықпалының арқасында сақталып қалуы мүмкін еді. Қазір ресми институттардың рөлі артып келеді.

Әбішевтің пікірінше, мұнымен қатар мемлекеттік органдар басшыларының жұмыс нәтижесіне деген жеке жауапкершілігі де күшейген.

Адам белгілі бір қызметті атқарған кезде үлкен жауапкершілік арқалайды. Егер оған қатысты ашық айтылатын сын мен наразылық шамадан тыс көбейсе, ол қызметінен кетеді. Қызметінен кеткеннен кейін бұрынғыдай ықпалды тұлға болып қала бермейді, – деді саясаттанушы.

Қазақстанның саяси класы жаңарып келеді

Әбішев тағы бір маңызды үрдіс ретінде басқарушы және саяси элитаның біртіндеп жаңаруын атады.

Оның айтуынша, бұл өзгеріс күнделікті өмірде бірден байқалмауы мүмкін. Алайда еңбек нарығына жаңа буын келіп, жас мамандар біртіндеп жауапты қызметтерге тағайындалып жатыр.

Жастар барған сайын жоғары лауазымдарға көтеріліп келеді. Қазір жасы 30-дар шамасындағы азаматтардың жоғары қызметтерге тағайындалып жатқанын көріп отырмыз, – деді сарапшы.

Саясаттанушы Қаңтар оқиғасынан кейінгі кадрлық жаңаруға және мемлекеттік жүйеге кәсіби әрі ақпараттық тәжірибесі өзгеше мамандардың келуіне де назар аударды.

Оның пікірінше, цифрлық дәуірде қалыптасқан жаңа буын алдағы уақытта мемлекеттік аппараттың одан әрі өзгеруіне ықпал етеді.

Жариялылық жауапкершіліктің маңызды факторына айналды

Әбішевтің айтуынша, әлеуметтік желілер мен цифрландыру қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасқа елеулі әсер етіп отыр.

Азаматтар енді түрлі заңбұзушылықты жедел тіркеп, оны көпшілікке бірден жариялай алады.

Полицияға жүгінуге, заңның күшіне сенуге дайын болу – құқықтық жүйеге деген сенімнің белгісі, – деді саясаттанушы.

Оның сөзінше, жариялылық мемлекеттік қызметшілерге қойылатын қоғамдық талапты да күшейтті.

Жариялылық бюрократиялық аппарат үшін өте сезімтал факторға айналды. Адамдар енді элитаның өзін өзгелерден жоғары қоюын және жазасыздықты қабылдамайды, – деді Әбішев.

Азаматтар мен мемлекеттің өзара іс-қимылын нығайтуда цифрландырудың да рөлі ерекше. Ол мемлекеттік қызметтерді алу және түрлі институттармен байланыс кезінде адам факторын азайтуға мүмкіндік береді.

Фото: ©BAQ.KZ/Анеля Өсерхан

«Сенімді бір рет жинап, мәңгі сақтап қалу мүмкін емес»

Саясаттанушы қоғамдық сенім мемлекеттік институттардан тұрақты әрі жүйелі жұмысты талап ететінін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстанда Президент институтына деген сенім деңгейі жоғары. Алайда азаматтардың аудан, қала немесе Үкімет деңгейінде шешілуге тиіс мәселелермен тікелей Мемлекет басшысына жүгінуі бүкіл басқару вертикалінің тиімділігін одан әрі арттыру қажеттігін көрсетеді.

Біз айтып отырған сенімді бір рет жинап, оны мәңгі сақтап қалу мүмкін емес. Сенім – динамикалық үдеріс: ол бірде артады, бірде азаяды. Сондықтан оны тұрақты деңгейде ұстап тұру қажет, – деді Ғазиз Әбішев.

Оның пікірінше, мемлекеттік жүйенің тұрақтылығы қателіктің мүлде болмауымен өлшенбейді. Ең маңыздысы – институттардың кемшіліктерді дер кезінде анықтап, түзете алуы және қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттыруы.

Бұған дейін National Think Tank Forum «Болашақ проекциясы: нәтижелерді пайымдаудан жаңа күн тәртібіне» форумы аясында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова Қазақстан жастары цифрлық өзгерістерге Батыс жастарына қарағанда ашық екенін мәлімдеді.

БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстанның адами даму, цифрландыру, экономика және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі салаларындағы ілгерілеуін атап өтті.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан жаңа демографиялық ахуалға дайындалуда – ҚҚДИ 

Наверх