Газдандыру. Қарағанды 2021 жылы табиғи газға қосылады

21 Қазан 2020, 11:01
3635
Бөлісу:
Газдандыру. Қарағанды 2021 жылы табиғи газға қосылады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. «Сарыарқа» газ магистралінің құрылысы аясында Қарағандының бірқатар ірі қаласы мен жүзден аса елді мекеннің тұрғындары табиғи газбен қамтылады. Газ құбырының құрылысы кестеге сай жүзеге асырылуда.

Облыстың Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай қалаларымен қатар, 120 елді мекеніне газ жеткізетін магистральдің құрылысы аймақтағы ірі жобалардың бірі болып отыр. Табиғи газ 2021 жылы Қарағанды қаласының тұрғындарына жетуі тиіс. Қарағандыны газдандыру жүйесі 4 кезеңмен жүзеге асырылады. Бұл кезеңдерде 16 іске қосу кешені салынатын болады. Кезеңдердің жүзеге асырылуы 2026 жылға дейін жоспарланған. Құрылыстың жалпы құны 63 миллиард теңгені құрайды. Жоба аясында жеке сектордағы 29 528 тұрғын үйді табиғи газға қосу жоспарлануда. 

Қарағанды қаласында газ құбырын салудың бірінші кезеңінде 64,36 шақырым салу жоспарланған. 2019 жылы жоба бойынша 298,3 миллион теңге, ал 2020 жылдың 10 айында 1,8 миллиард теңге игерілді. Төтенше жағдайға байланысты бюджеттен 1,7 млрд теңге алынды. Бүгінгі күнге дейін жоғары қысымды көтеретін құбыр 13,8 шақырымға, орташа қысымдық құбыр 4,7 және төменгі қысымға шақталған құбыр 40,3 шақырымға салынған, - дейді қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Әбжанов. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта қызмет көрсетуші «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясымен бірлесе газ өлшеу құрылғыларын жеткізетін ұйым анықталып жатыр. Сонымен қатар, құрылғылардың техникалық талаптарға сай келуі де қадағаланатын болады. 

Биыл сәуір айында «Катэк» ЖШС жобалық ұйымымен Қарағандыда газ бөліп тарату жүйесін салу бойынша келісімшарт жасалған болатын. Жобалық жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Табиғи газға қосылатын алғашқы 513 үй нақтыланды. Газ ең алдымен С.Сейфуллин, Бадина, Лескова, Халиуллина, Руднева, Ангелиной, Алтайская, Механическая, Заводская, Горноспасательная, Жилстройская, Рыночная, Купала, Олимпийская, Строительная, Баженова, Казахстанкая, Нахимова, Дальная көшелерінің бойындағы жеке тұрғын үйлерге жетеді. Екінші іске қосу кешені Бажова, Московская, Рыночная, Ленинградская, Моторная және тағы басқа көшелердегі тұрғын үйлерді газбен қамтитын болады, - дейді Нұрлан Әбжанов.   

Құрылыс бөлімінің мәліметінше, мердігерлер кестеге сай жұмыс істеуде. Қараша және желтоқсан айларында газдандыруға қосымша 1 млрд теңге бөлініп, жобаның құрылысы әрі қарай жалғасын табатын болады. 

Газға қосылу, не қосылмауды тұрғындардың өздері шешеді. Көшенің бойымен өткен газ құбырынан газды үйге дейін жеткізуге кететін шығынды жеке тұрғын үйдің иесі өзі төлейді. 70-100 шаршы метр аумақтағы үйді газға қосу үшін шамамен 250 теңге қажет. Ал, көпбалалы отбасыларға және әлеуметтік осал топтарға мердігер ұйымдар көмектесетін болады. Аудандық әкімшілік осындай 100 үйдің тізімін береді. Бұл мәселені аудандық әкімдікпен бірлесіп шешетін боламыз. Газ тарифінің құнын «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы бекітетін болады,- дейді Нұрлан Әбжанов.   

Қарағандыны газдандырудың бірінші кезеңі 2019-2023 жылдарға жоспарланған. Бұл кезеңде Саран тас жолының бойындағы көшелерден бастап Кривогуза, Казахстанская, С.Сейфуллин, Бадина көшелеріне газ құбырлары тартылатын болады. 2021-2022 жылдары газ теміржол желісі бойындағы көшелермен Бұқар Жырау даңғылының бойына, одан кейін жаңа қаланың ішкі кварталдарына, Федоровка мен Үлкен Михайловка шағын аудандарындағы тұрғын үйлерге жетеді. Оңтүстік-Шығыс шағын ауданының жеке секторындағы үйлерге, Күнгей ықшам ауданына газ 2022-2023 жылдары жетеді деп күтілуде. 

Екінші кезеңде төрт іске қосу кешенін салу жоспарланған. 

Бұл Жаңа Узенка, ЖБИ, Финский, Пришахтинск, Ескі Тихоновка шағын аудандарын газбен қамтуға мүмкіндік бермек. 2024-2025 жылдарды қамтитын үшінші кезеңде екі іске қосу кешені салынады. Оның алғашқысы Курьяновский ауылын және Майқұдықтың 19 ықшам ауданын қамтыса, екіншісі Майқұдықтың Берлин, Сахалин, Шахтерлер ықшам аудандарына газ жеткізеді. Төртінші, яғни соңғы кезеңде Цемзавод, Сұрыптау елдімекендеріне газ жететін болады.  

Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Теміртау тұрғын үйлерін газдандыру 8 іске қосу кешенін салумен жүзеге асырылатын болады. Жобаның жалпы құны 10,7 млрд теңгені құрайды. Металлургтер қаласында 4498 үйге газ тарту жоспарлануда. Жезқазғанды газдандыруға 14,3 млрд теңге бюджет қаржысы қарастырылған. 5 іске қосу кешені салынып, 4562 үйге табиғи газ жетеді деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы