Тоқаев: Мұнай-газ жобаларындағы негізгі орындарда ұлттық басшыларды өсіру қажет

16 Қыркүйек 2019, 11:46
2483
Бөлісу:
Тоқаев: Мұнай-газ жобаларындағы негізгі орындарда ұлттық басшыларды өсіру қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент отандық компаниялар мен жергілікті қазақ мамандарын Батыс Қазақстандағы ірі мұнай-газ жобаларының жұмысына белсенді тартуға шақырды.

Қарт Каспий жағалауындағы жұрттың маңызды мәселелерінің бірі –жұмыссыздық. Атырау облысының Статистика департаментінің мәліметіне сәйкес биыл жыл басында өңірдегі жұмыссыздық 4,9% артып, 16,2 мың адамға жеткен.

Аталған проблема негізгі кен орындарында жұмыс істейтін халықаралық корпорациялардың шетелдік мамандарды, әсіресе басшылық қызметтерге шектен тыс көп тартуына байланысты ушығуда. Мұндай диспропорция әлеуметтік қақтығыстарға әкеп соқтырды.

Сонымен қатар мұнай саласына қатысты Қазақстан азаматтарының қатарында білікті кадрларға деген тапшылық бар. Орта және жоғары буын менеджменті туралы мәселе көкейтесті болып отыр.

Мемлекет басшысы бұл проблеманы 5-қыркүйек күні Атырауда өткен кеңесте көтерген болатын.

"Мен ірі мұнай-газ компанияларын жүзеге асырылатын жобаларға отандық компаниялар мен жергілікті қазақ мамандарын белсенді тартуға шақырамын. Үкімет жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп, сапалы кадр дайындауы тиіс, мұнай-газ жобаларындағы негізгі орындарда отандық ұлттық басшыларды өсіруі қажет", – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Президент, ең алдымен, азаматтарымыздың еңбек құқығын қорғауға, соның ішінде бірдей жұмыс істейтін жергілікті және шетелдік жұмысшылардың еңбекақысын теңестіруге байланысты мәселені шешуді талап еткені белгілі. Отандық өндірушілер шығаратын өнімдердің сапасын арттырудың маңызы зор. Мұнай корпорациялары тауардың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар бойынша шетелдік бәсекелестерінен қалып қоятынын меңзейді.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысы ұлттық мүддені қорғау оның жұмысының басты басымдығы екеніне тағы да назар аударды.

Өзгелердің жаңалығы