Каспий теңізінде итбалықтардың өлуі соңғы жылдары жиілеп, қоғамда алаңдаушылық туғызды. Бұл мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі BAQ.KZ тілшісіне ресми түсініктеме беріп, өлім себептері, популяция жағдайы және қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет ұсынды.
Министрліктің дерегінше, итбалықтар санының азаюына ең алдымен өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін жүргізілген қарқынды кәсіпшілік аулау әсер еткен.
Сонымен қатар, өлі итбалықтардың теңіз жағасына шығуы көбіне дауылды желдің салдары екені айтылды. Жалпы, өлекселердің жағаға шығуы 2000 жылдардан бері мерзімді түрде тіркеліп келеді.
Ведомство өкілдері өлі итбалықтардың басым бөлігі қатты ыдыраған күйде табылатынын, осыған байланысты патологиялық материал алу мүмкін болмай отырғанын атап өтті.
2022-2023 жылдары итбалықтардың жаппай қырылуына әлсіреген иммунитет аясында ет қоректілердің обасы себеп болды. Ал 2024 жылғы 24 қазан мен 4 желтоқсан аралығында мыңнан астам өлі итбалық табылды. Ғылыми ұйымдардың қорытындысы бойынша, олардың қырылуына су астындағы жер сілкіністері салдарынан табиғи газдардың бөлінуі ықтимал фактор болған, – делінген министрлік жауабында.
Биыл сәуір айының ортасында да жағаға шыққан итбалықтар қатты шіріген күйде табылған. Осыған байланысты нақты зерттеу үшін материал алу мүмкін болмаған. Қазіргі таңда су мен топырақ сынамалары алынып, зерттеліп жатыр. Нәтижелері үш апта ішінде жарияланады.
Итбалықтарды қорғау үшін қандай шаралар қабылданды?
Министрлік Каспий итбалығының популяциясын сақтау бағытында бірқатар нақты шаралар іске асырылғанын хабарлады. Атап айтқанда, 2020 жылы қарашада Үкімет қаулысымен бұл жануар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілді.
Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен ғылыми зерттеулер тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Қазақстандық және ресейлік ғалымдар бірлесіп мониторинг жұмыстарын да қолға алған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2024 жылғы 24 қазанда «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Қазір оның ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, 2026-2029 жылдарға арналған популяцияны сақтау жөніндегі арнайы іс-қимыл жоспары бекітілген.
Итбалықтардың көбею кезеңінде оларды қорғау үшін теңіздегі кейбір аумақтар уақытша жабылады. Мәселен, 2026 жылғы 25 қаңтар мен 28 ақпан аралығында Қорғаныс министрлігінің деректеріне сәйкес, белгілі координаттар бойынша теңізде жүзу шектелген.
Каспийдегі итбалық саны қанша?
Соңғы зерттеулерге сәйкес, Каспий теңізінің қазақстандық және ресейлік секторларында жүргізілген санақ нәтижесінде 2022 жылдың соңы мен 2023 жылдың басында итбалықтардың жалпы саны 259 872 дараны құраған. Ал 2024 жылғы есеп бойынша олардың саны шамамен 270 мыңға жеткен.
Негізгі қауіп факторлары қандай?
Министрлік итбалықтардың азаюына әсер ететін негізгі факторлар қатарында экологиялық жағдайдың нашарлауын атап өтті. Атап айтқанда, теңіздің ластануы жануарлардың иммунитетін әлсіретіп, түрлі ауруларға әкелуде. Сонымен қатар, климаттық өзгерістер, мұнай-газ жобаларының кеңеюі, теңіздегі кеме қатынасының артуы, балық аулау торларына түсу сияқты антропогендік факторлар да кері әсерін тигізіп отыр.
Итбалықтарды аулауға рұқсат бар ма?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Каспий итбалығы Қызыл кітапқа енгізілгендіктен, оны өндірістік мақсатта аулауға заң жүзінде толық тыйым салынған.
Еске салайық, өткен аптада Каспий жағалауында итбалықтар жаппай қырылып жатқанын жазған едік.