Гавайидің ең көп қоныстанған аралы Оахуда мыңдаған тұрғындар эвакуацияланды. Соңғы онжылдықтағы ең күшті су тасқыны нәтижесінде үйлер мен автокөліктер су астында қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Гонолулу мэрі Рик Блангиарди бұл апатты архипелагқа келген екінші қатты дауыл деп атап өтті. Қазіргі уақытта 230-дан астам адам құтқарылды, алайда бөгеттердің бұзылу қаупі сақталуда.
Штат бойынша 5,500 адам эвакуацияланды, жолдар жабылды. Гавайи губернаторы Джош Грин тұрғындарды қауіпсіз жерге көшуге шақырды.
Кейбір аудандарда жауын-шашын көлемі 25 см-ге дейін жетіп, жел 160 км/сағ жылдамдыққа дейін күшейді. Дауылдан келтірілген залал 1 миллиард доллардан асады.
Алдағы демалыс күндері және келесі аптаның басында Гавайиде тағы да жаңбыр мен найзағай сақталуы мүмкін.