Ұлттық музейде Саха Республикасының (Якутия) “Якутия қазыналары” көрмесі ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көрме Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр.
Іс-шараның мақсаты – якут халқының қолданбалы өнерін насихаттау және мәдениетаралық ынтымақтастықты нығайту.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов көрмеге қатысушыларды қарсы алып, елдеріміздің мәдениеті ұқсас екенін атап өтті.
Бүгін "Якутия қазыналары" көрмесі басталды. Көрмеден елдеріміздің мәдениеті ортақ, ұқсас екенін байқауға болады. Көрмеден бауырлас якут халқының мәдениетімен танысып, оны зерттеп білуге мүмкіндік бар. Якутия мәдени күндері аясында Астанада және Алматыда көп іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Қонақтарға көрмеден ерекше әсер алуды тілеймін, - деп айтты Мәдениет вице-министрі.
Сонымен қатар ресми іс-шарада Саха Республикасының Мәдениет және рухани даму министрі Афанасий Ноев құттықтау сөз сөйледі.
Бүгін "Якутия қазыналары" көрмесінің ашылуына қатысып тұрғаныма қуаныштымын. Сіздерге қонаққа Якутияның тұрғындары, шеберлері, ұсталары, зергерлері келді. Олар Якутияның қазыналары. Олардың арқасында бірегей, ерекше өнер туындылар жарық көріп жатыр. Якутияның ұлттық қолөнері - Ресей Федерациясының көпұлтты мәдениетінің мұрасы, - деп айтты Афанасий Ноев.
Оның сөзінше, Якутияның ұсталық өнері атадан балаға мұра болып келе жатқан қазына. Сонымен қатар тігіншілер де ерекше туындыларын көрмеге алып келді.
Көрме қонақтары жәдігерлер қатарынан алмаз тастарынан, гауһардан жасалған зергерлік бұйымдарды тамашалай алады.
Одан бөлек қылдан жасалған ерекше жұмыстарды көруге болады.
"Якутия қазыналары" көрмесі 4 бөлімнен тұрады. Олар: Саха Республикасының кестеленген картасы, "Еуразия халықтарының мәдениетіндегі жылқы культі" атты халықтық қолданбалы өнер көрмесі, "Якутияның қазына қоры" көрмесі және “Якутияның ұсталық өнері" көрмесі.
Саха Республикасының кестеленген картасы. Картада әртүрлі түстермен 5 экономикалық аймақ көрсетілген. Әр экономикалық аймақ өзіндік ерекшеліктерімен бейнеленген: экономикалық дамудың негізгі объектілері, халықтың көпұлтты құрамы, дәстүрлі өмір салты мен жергілікті халықтардың мәдениеті. Картаның авторлары көркем образдар арқылы Якутияның байырғы халықтарының алуан түрлі және ерекше өмірін, олардың рухани және материалдық құндылықтарын бейнелейді.
"Еуразия халықтарының мәдениетіндегі жылқы культі" атты халықтық қолданбалы өнер көрмесі. Якутия – әлемнің солтүстік қиырында орналасқан жылқы өсіру орталығы және табын шаруашылығы бойынша саны бойынша РФ-да 1-орында тұр. Жылқының бейнесі, Кюн Дьесегейге табыну(жылқылардың жаратушысы, күн құдайы) маңыздылығы бойынша тек Күн культімен салыстыруға келеді. Осыдан Саха Республикасының қазіргі елтаңбасында шабандоздың бейнеленуі кездейсоқ емес екендігі түсінікті. Ат үстіндегі шабандоз – сәттілік пен өркендеудің символы. Бұл көрмеге қойылатын заттардың тізіміне 129 көрме экспонаты кіреді.
"Якутияның қазына қоры" көрмесі. Көрмеге сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің эксклюзивті, авторлық жұмыстары, Саха Республикасы Қазына қоры жинағының коллекциясынан минералогиялық үлгілер қойылған. Экспозициядағы басты экспонат – "Гауһар тастардың жарқырауы" деп аталатын күміс табаққа 2000 мыңнан астам гауһар тастың шашыранды кендері салынған композиция. Сондай-ақ келушілердің назарына ұлттық күміс әшекейлер мен әйелдердің мерекелік киімі ұсынылады.
"Якутияның ұсталық өнері" көрмесі. Көрмеде тұрмыстық қажеттіліктер мен аң аулауға арналған дәстүрлі якут пышақтарының алуан түрлерімен қатар мамонт азуы мен асыл тастармен көмкерілген сирек материалдардан жасалған кәдесый өнімдерімен танысуға болады. Көрменің негізгі экспонаты – "батыйа" деп аталатын якут қаруы. Ол ежелгі заманнан бері Якутияда аң аулау мен тұрмыстық қажеттіліктерге қолданылған әмбебап құрал. Сондай-ақ көрмеде якут музыкалық аспаптары – хомустарды (варгандар) көруге болады.
Бұл қазақ-қырғыз-якут ұлттарының достығын білдіретін туынды. Кілемнің атауы – "Қазақстан. Якутия. Қырғыз". Оны тігіншілер қылдан жасаған. Ол көрнекті мемлекет қайраткері, Якутск АССР негізін қалаушы М.К. Аммосовтың 125 жылдығына арналған.
Ұлттық музейдің Халықаралың бөлімінің жетекшісі Құмар Жүнісов іс-шара 1 мамырға дейін өтетінін айтты.
Бүгін Саха Республикасының Қазақстандағы мәдени күндерінің аясында "Якутия қазыналары" көрме Ұлттық музейімізде ашылып отыр. Бұл көрме Якутия мәдени күндерінің алғашқы шымылдығын ашты деп айтуға болады. Бүгіннен бастап сәуірдің 23-іне дейін Астана мен Алматыда түрлі іс-шаралар өткізіледі. Көрмеден Саха халқының дәстүрлі қолданбалы өнерімен, ұсталық өнерімен, сонымен қатар мемлекеттік қоймасының алмаздарын, әртүрлі асыл тастарын, бағалы заттарын көре аламыз. Келішілерге дүйсенбіден басқа күндері есігіміз әрдайым ашық, - деді Ұлттық музей өкілі.
Құмар Жүнісов атап өткендей, Якутияның мәдени күндері тұңғыш рет Астанада өткізіліп отыр.
Саха елі мен Қазақстан бауырлас халық. Тіліміз бір. Түркітілдес халықтармыз. Сонымен бірге қазақ халқындағыдай якут халқында да жылқы ерекше орынды алады. Олардың дүниетанымы қазақтың дүниетанымына ұқсас. Сол себепті кез келген адам көрмеге келіп, өзіне жақын дүниені таба алады, - дейді ол.
Еске сала кетейік, көрме бүгіннен бастап 1 мамырға дейін өтеді.