Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары Қазақстанда алғаш рет медицина және фармацевтика қызметкерлерінің еңбегін құқықтық реттеу тетігін әзірлеу бағытында ғылыми зерттеулер жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ
Зерттеу тобының екі жылдық еңбек нәтижелері негізінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің еңбегін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Ғалымдар өздерінің ұсыныстарын ҚР Парламент Мәжілісіне және Әділет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мен Денсаулық сақтау министрліктеріне жолдады.
«Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің еңбегін құқықтық реттеу тетігін әзірлеу» тақырыбы бойынша ғылыми зерттеуді ЕҰУ ғалымдары 2020 жылдан 2022 жылға дейін мемлекеттік гранттық қаржыландыру шеңберінде жүргізді. Авторлар ұжымы еңбегінің нәтижесінде монография алғаш рет жарық көрді және заң жобасы әзірленді.
Ғалымдар ұжым медицина және фармацевтика қызметкерлерінің еңбек мәселелері бойынша құқықты қолдану және сот практикасына талдау жүргізді. Олар мәселені егжей-тегжейлі зерделеу мақсатында Қазақстанның алты өңірінде болып, жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері арасында 1000 астам сауалнама мен сұхбат жүргізді. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің еңбек қатынастары заңнамада заңды түрде реттелмеген. Зерттеу заң ғылымдарының докторы, ЕҰУ профессоры Еңлік Нұрғалиеваның жетекшілігімен жүргізілді.
Осы тақырып бойынша мұндай зерттеу Қазақстанда алғаш рет жүргізілді. Оның өзектілігі - медицина және фармацевтика қызметкерлерінің жұмысын құқықтық реттеу қажеттілігі. Себебі осы санаттағы қызметкерлер жұмысының күрделілігі, адам өмірінің жоғары деңгейін қамтамасыз етумен қатар денсаулыққа төнетін қауіптермен байланысты,
Осылайша ұлттық заңнаманы дамытудың барлық кезеңінде медицина және фармацевтика қызметкерлерінің еңбегін құқықтық реттеуді одан әрі жетілдіру мақсатында зерттеу тақырыбы бойынша теориялық және практикалық материалдарға кешенді талдау жасалды. Біз бастапқы ақпаратты жинау мақсатында бірқатар аймақтарда далалық зерттеу жүргіздік. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің еңбек жағдайлары туралы жедел деректерге сұхбат және сауалнама арқылы қол жеткіздік,- деді ЕҰУ профессоры.
Ғалымдар халықаралық тәжірибені кеңінен зерттеді. Оның ішінде монографияда ЭЫДҰ-ның жекелеген мемлекеттеріндегі құқықтық реттеу жолдары келтірілген. Мысалы, Ұлыбританияда шамамен 1,44 миллион маманды қамтитын 32 медициналық және фармацевтикалық кәсіпті реттеуге тоғыз орган жауап береді. Бұл ретте кәсіби реттеумен қатар мемлекеттік реттеу де қолданылады.
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің еңбегін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңжобасы және тұжырымдамасы Парламент Мәжілісіне, Әділет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрлігіне жіберілген.Денсаулық сақтау министрлігінің жауап хатында хабарлағандай, ұсынылған түзетулер ҚР Парламенті Мәжілісінің «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының ағымдағы отырыстары барысында айтылатын болады. Біз ЕАЭО мемлекеттеріндегі медицина және фармацевтика қызметкерлерінің еңбегі туралы заңнаманы талдағанымызды да атап өткім келеді. Белгілі болғандай, ЕАЭО - ның барлық мемлекеттерінде медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің еңбегін арнайы реттеу жоқ, - деп атап өтті ғалым.
Ғалымдар жүргізілген зерттеу нәтижелері медицина және фармацевтика қызметкерлерінің еңбегін құқықтық реттеу мәселелерінде заңнама мен құқық қолдану практикасын одан әрі жетілдіруге ықпал етеді деп үміттенеді.