Каспий теңізі құс тұмауы вирустарының Еуразия мен Африка арасында таралуында маңызды рөл атқарады. Мұндай қорытындыға соңғы 20 жылдағы вирусологиялық, экологиялық және эпидемиологиялық деректерді талдаған халықаралық ғалымдар тобы келді, деп хабарлайды Lada.kz.
Зерттеуге қатысқан Дағыстан мемлекеттік университетінің мамандары Каспий өңірі жабайы жануарлар арасындағы жұқпалы аурулардың таралу жүйесіндегі маңызды экологиялық торап екенін анықтаған.
Ғалымдардың айтуынша, вирустардың қоныс аударатын құстармен бірге қалай таралатынын түсіну инфекциялардың таралу қаупін дәлірек бағалауға және ерте ескерту жүйелерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе құстардың көші-қон бағыттары тоғысатын, сулы-батпақты алқаптар, жағалау экожүйелері мен ауыл шаруашылығы жерлері қатар орналасқан өңірлер үшін маңызды.
Зерттеуде қарастырылған негізгі мысалдардың бірі – 2022–2023 жылдары Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі аралдарда колония болып тіршілік ететін құстардың жаппай қырылуы. Табылған вирустарға жүргізілген геномдық талдау құрлықтар арасында вирустық материал алмасуының белгілерін анықтап, Каспий өңірінің құс тұмауының жаһандық таралуындағы маңызын тағы бір мәрте растады.
Зерттеу нәтижелерінің тек ғылыми ғана емес, практикалық маңызы да зор. Олар эпизоотологиялық мониторингті жетілдіруге, биоалуантүрлілікті қорғауға, ветеринария, құс шаруашылығы, мал шаруашылығы және адам денсаулығына төнетін қауіптерді бағалауға, сондай-ақ Каспий өңіріндегі халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға негіз болады, – деді зерттеудің бірінші авторы, Дағыстан мемлекеттік университетінің ғылыми және инновациялық жұмыстар жөніндегі проректоры Әлімұрад Қажиев.
Зерттеуге Дағыстан мемлекеттік университетінің ғалымдарымен қатар Каспий табиғатты қорғау орталығының, Астрахан мемлекеттік қорығының, Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесіне қарасты Вирусология ғылыми-зерттеу институтының және Австриядағы Вена ветеринариялық университетінің Жабайы табиғат экологиясы ғылыми-зерттеу институтының мамандары да қатысты.