Галиб Джафаров балаларға бокс мектебін ашты

6 Ақпан 2023, 15:28
1197
Бөлісу:
Галиб Джафаров балаларға бокс мектебін ашты
Фото: Марат Қойлыбаев

Бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаров Ақтөбедегі Батыс-2 шағын ауданында балалар мен жасөспірімдерге арналған бокс мектебін ашты, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбеде тәрбиеленген спортшы 2003 жылы Тайландта өткен бокста Әлем чемпионы болған еді. Бүгінде атақты спортшы облыс орталығындағы Бокстан олимпиада резервін даярлайтын балалар-жасөспірімдер облыстық мамандандырылған спорт мектебінің директоры болып қызмет етеді.

Спортшының айтуынша, оның ендігі мақсаты — спорттағы тәжірибесі мен жеткен жетістіктерін болашақ ұрпаққа үйретіп, Ақтөбенің намысын қорғайтын жастарды тәрбиелеп шығару.

Бокс — бұл төбелесу емес, қорғану. Балалар соны түсінуі керек. Бұл жерде балалар жаттығып, бос уақытын тиімді өткізеді. Болашаққа ел намысын қорғайтын чемпиондар шығады деп үміттенеміз, — дейді Г.Джафаров.

Бокс мектебінің салтанатты ашылуына спорт саласының ардагерлері, спорт жанашырлары, сондай-ақ боксшы, олимпиада чемпионы, Қазақстанның бокс бойынша еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиев қатысты.

Республикалық «Ауғанстан соғысы ардагерлерінің кеңесі» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, спорт жанашыры Марат Қойлыбаевтың айтуынша, әлем чемпионының спорт мектебін ашуы — облыста бұрын-соңды болмаған игі іс.  

Галиб Джафаровтың Әлем чемпионы атанып, еліміздің атын әлемге танытқанына биыл 20 жыл толып отыр. Спортшы осы атаулы датаға орай «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы облыстық филиалы мен бірқатар меценаттың демеушілігімен облыс орталығында балаларға арналған бокс мектебін ашып отыр. Дегенмен әлем чемпионының бокс мектебін ашуына мемлекет тарапынан қолдау танытылуы керек еді. Себебі Галиф бүкіл Қазақстанның атын әлемге танытты. Екіншіден, Галибты тәрбиелеп, оның чемпион болуына үлкен үлес қосқан адам — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әлімбек Балмағамбетов. Міне, белгілі жаттықтырушы мен спорт шеберіне биыл мемлекеттік марапат берілуі керек еді. Алайда екі азаматқа мұндай құрмет көрсетілмеді. Спорт жанашыры ретінде мен осы екі азаматқа лайықты құрмет пен ілтипат көрсетілуі керек деп ойлаймын, — дейді Марат Қойлыбаев.   

Айта кету керек, аталған бокс мектебінде алдағы уақытта әлем чемпионының жаттықтырушысы Әлімбек Балмағамбетов бастаған жаттықтырушылар балаларды боксқа баулымақ. Спорт нысанында қазір боксқа қажетті барлық құрал-жабдықтар бар.   

Өзгелердің жаңалығы