Гүлнар Жұмашева: "Ең әсерлі ерекше сәт - сәбидің шыр етіп дүниеге келуі"

8 Наурыз 2020, 10:39
4267
Бөлісу:
Гүлнар Жұмашева: "Ең әсерлі ерекше сәт - сәбидің шыр етіп дүниеге келуі"

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Сыр өңірінде жыл сайын 18 мыңнан астам сәби туса, оның 11 мыңға жуығы Қызылорда қаласындағы Ана мен бала орталығында дүниеге келеді. Перзентхананың ғимараты жаңа, жұмысы ауқымды, жаңалығы көп. Әйелдер мерекесі қарсаңында осы орталықтың бас дәрігері, акушер-гинеколог Гүлнар Жұмашевамен жүрекжарды әңгіме өрбіттік. Соны назарларыңызға ұсынамыз.

– Гүлнар Хамзақызы, ең әуелі әңгімемізді сіздің медицина саласына қалай келгеніңізден бастасақ...

– 4 сыныпта оқып жүргенде ұстазымыз "Өскенде кім болғың келеді?" деген тақырыпта шығарма жаздырған екен. Сонда мен "дәрігер боламын" деппін. 10 сыныпты тәмамдағанда жетекшіміз сол эсселерімізді өзімізге таратып берді. Сонша шығарманы сақтап, жинап жүрген ұстазымыздың ұқыптылығына таң қалғанбыз. Ал әкем Хамза қазақ тілі әдебиеті пәнінің мұғалімі еді. Кітапқұмар болатын. Өзі оқыған бір романдағы басты кейіпкердің есімі Гүлнар екен. Мамандығы дәрігер. Менің атымды соның құрметіне қойыпты. Бүгінде ой елегінен өткізіп отырсам, дәрігерлік кәсібіммен елге қызмет қылып жүргенім - әкемнің асыл арманы, түпкі тілегі екен. Иә, жайдан-жай ештеңе болмайды, бәрі себепке байлаулы. Яғни әкемнің ниеті қабыл болып, Құдайдың жазуымен медицина саласында 1988 жылдан бері, 32 жыл бойы еңбек етіп келемін.

– Адам өмірінің арашасы болу оңай шаруа емес. Өкінген кезіңіз болған жоқ па?

– Еш өкінген емеспін. Әрине қиындық өте көп. Бірақ күн сайын қаншама адамға көмегіміз тиеді, кейін олар алғысын айтқанда бәрін ұмытамыз. Дәрігер де пенде ғой, кейде "тындырылған тірлік жетіп-артылады, таңның атысы, күннің батысы тер төгесің, еңбегіміз неге еленбейді" дейтінмін. Оным бекер екен. 2012 жылы қалалық перзентхананың бас дәрігері едім. Қызылорда қаласының бір аумағынан мәслихат депутаттығына сайлауға түсіп, үгіт-насихат жүргізу үшін үй-үйді аралап, тұрғындармен сөйлескенімде әлгі ойды ойлағаныма қатты қысылдым. Себебі, үлкен кісілер балаларын, немерелерін көрсетіп, "сіздердің перзентханада шыр етіп дүниеге келген, алтын қолды өзіңіздей дәрігердің арқасы осылардың алдымызда жарқырап жүргені" деп батасын беріп жатты. Кейбір келіншектер мені танып, ілтипатын көрсетті. Ақтөбе өңірінің тумасы болсам да, әрі сайлау учаскемде бірде-бір тамыр-танысым болмаса да елдің шынайы ықыласына бөленіп, мәслихат депутаты атандым. Әйтпесе осы додаға түсер алдында үмітімнен күдігім басым болған.

– Сонда сіз үшін ең қымбат...

– Иә, халықтың батасы. Әр шаңырақтың шаттығы - бала, ал сол қуанышқа себепкер болу біздің маңдайымызға бұйырыпты. Одан асқан бақыт бар ма?! Әріптестеріме де "адамдарға риясыз қызмет қылыңдар, есесіне батасын аласыңдар, жақсы сөз - берекенің бастауы" деп үнемі айтып отырамын. Әрине, бізге артылған жауапкершілік жүгі өте ауыр, екі адамның өміріне жауап береміз. Біріншісі - ана, екіншісі - сәби. Бірақ ең ерекше әсерлі де қуанышты сәт - шыр етіп сәбидің дүниеге келуін, босанған ананың көзінен еріксіз жастың шығуын көру. Өзім де сол шақта қатты толқып кетемін. Отыз жылдан аса қызметімде бұл көріністен жалыққан емеспін, керісінше өмірге деген құлшынысымды, кәсібіме деген махаббатымды арттырады.

– Ана мен бала орталығында қандай тың жаңалықтар бар?

– 10 жылдай бұрын еліміздің медицина саласында түбегейлі өзгерістер, жаңашылдықтар ене бастады. Мемлекетіміз Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі әзірленді. Елімізде медициналық қызмет көрсету халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, сапасы артып, жұмыс бір ізге түсті. Ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында озық әдіс-тәсілдер қолдану, дауасы мол дәрі-дәрмек беру, заманауи медициналық техналогиялар, құрал-жабдықтар алу секілді қыруар шаруа атқарылды. Айналдырған 10 жылдың ішінде жаңа жетістіктер жұмысымызды жандандырып жіберді. Тіпті қаражатты шығындамайтын тиімді тәсілдер пайда болды. Солардың бірі - босанушы әйелдің қасында серіктесінің, яғни жұбайының, әпкесінің, жеңгесінің немесе құрбысының болуына - психологиялық әрі рухани дем беруіне мүмкіндіктің жасалуы. Сонымен қатар, жаңа техналогиялар енгізілгеннен кейін бала шетінеуі 70 пайызға дейін күрт төмендеді. Бұрын түсікке жатқызылған 500 граммдық шақалақтар 2008 жылдан бастап тірі туған нәрестелер есебіне кіретін болды. 2009 жылы алғаш рет республиканың әр облысында нәрестелер реанимациясы ашылды. Шала туған балалардың жетілмеген өкпесін ашу үшін қымбат әрі шипалы дәрілер беріле бастады. Сондай-ақ олардың көзін, миын дамыту, диагнозын қою, дер кезінде ота жасау - бәрі жолға қойылды. Реанимация арнайы аппараттармен жабдықталды. Қазір тәжірибеміз молайды, 2016 жылы шала туғандардың 27 пайызы тірі қалса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 50-60 пайызға жетіп отыр. Сонымен қатар басқа да бағыттарда тың жаңалық, жетістік көп.

Айта кеткен жөн, осы перинаталдық орталық керекті медициналық бұйымдармен, заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілуі жағынан республикада екіншін орында. Республикалық, облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп жатыр. Керек десеңіз, қайырымдылық қорлар да ана мен баланың саулығы үшін қол ұшын созуда. Жақында Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қоры бізге заманауи аппарат табыс етті. Соның арқасында шала туған нәрестелердің бүкіл денесін немесе белгілі бір бөлігін қыздыру мен салқындата отырып, бақыланатын емдеу процедураларын жүргізе алатын болдық. Бұрын қарабайыр әдістерді қолданатынбыз.

Әр анаға, әр балаға пайдаланатын бір реттік бұйымдарға дейін жеткілікті, ол заттарды алыстан іздемейді, әрқайсысы жеке босану бөлмесінде орны-орнына қойылған. Дәрігердің, медбикенің, ананың әр қадамы қабырғада ілінген нұсқаулықта соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіліп, жазылған. Ана мен бала өмірін сақтап қалуда әр секунд бағалы. Сондықтан босану бөлімінен тұрақтандыру палатасын, яғни шағын реанимация бөлмесін жасақтап қойдық.

– Өкінішке қарай, қазіргі кезде сәби сүйе алмай жүрген немесе ауыр жағдайда босанатын келіншектер көп. Мұндай аурушаңдықтың себебі бар емес пе? Осы орайда болашақ аналарға қандай қарапайым кеңес бере аласыз?

– Анасы қызын кішкентай кезінен болашақ ана деп тәрбиелеу керек. Ішкен-жегені, киген киімі, жүріс-тұрысына дейін қадағалауы тиіс. Қазіргі қыздар сән қуып, өмірдің мәнінен айырылып жатыр. Айтпағым, ашық-шашық киініп, кіндігін көрсетіп жүру, тап-тар джинсы кию денсаулыққа айтарлықтай зиян. Жастар қыстыгүні жеңіл киінетінді, кроссовкамен жүретінді шығарды. Бұдан денсаулық қайдан оңалсын? Қыз-келіншектерге жабысқан дерттің басым бөлігі осындай "ұсақ-түйектен" басталып отыр. Уақытылы құнарлы тамақтанбау, фаст-фудты талғажау қылудың да алапат зардабы бар. Қыз балаға мұндайды анасы айтпаса, кім айтады? Денсаулықты құртып, уақыттан ұтылғанда бір-ақ келеді біздің алдымызға. Реанимацияға ауыр жағдайда түскенде "неге бұлай болды, еш жері ауырмайтын еді ғой" деп қарап тұрады шешелері. Онысымен қоймай, бізді кінәлағысы келетіндері де бар. Бірде гемоглабині 37-ге түсіп кеткен, бірінші рет босанып тұрған жас келіншектің анасынан "Сіз қызыңыздың қан аздық ауруы бар екенін бұрын білдіңіз бе?" деп сұрадым. Білмейді. Дәрігерге қаратпаған. Себебін іздедік, анализдерін алдық. Ақырында осының бәрі дұрыс киінбегендіктен, дұрыс тамақтанбағандықтан, күтінбегендіктен, тексерілмегендіктен, мән берілмегендіктен болып отыр. Аналар қызының сыртқы сұлулығына, боянып, әдемі көйлек киіп жүргеніне мәз болмай, денсаулығына мұқият қарау керек.

– Ел арасында "акушерлер қаржылай сыйақы алу үшін аяғы ауыр әйелдерді кесар тілігімен босануға көндіреді екен" деген әңгіме бар. Бұл туралы не айтасыз?

– Негізінде біз қандай жағдай болмасын кесар тілігін жасаудан қашамыз. Себебі, экономикалық тұрғыда перинаталды орталыққа тиімді емес. Отаға кететін бұйымдар, құралдар, дәрі-дәрмек, тігетін жібі - бәрі шығын. Отадан кейін пациент тағы қалпына келе алмай палатада ұзақ жатады. Ал бізге оны ұзақ ұстау тиімсіз. Сондықтан аналардың өз күшімен босанғанын шын жүрегімізбен қалаймыз. Кейде кесар тілігі арқылы босануға өздері сұранатын келіншектер бар, оған біз келісім бермейміз.

– Статистикалық мәліметтер елімізде әрбір үшінші әйел аборт жасататынын айтып отыр. Жалпы, бұл мәселенің себеп-салдары өз алдына үлкен әңгіме. Осы ретте түсік жасауға қатысты сіздің жеке пікіріңізді білгім келеді.

– Республиканың да, облыстың да статистикалық дерегі қолымда жоқ. Бір білерім, баланың туа біткен ақауы болса, басқа амалы табылмай жатса, мамандармен кеңескеннен кейін барып аборт жасалады. Меніңше, кез келген гинеколог аборт жасай алады. Ал өз басым абортқа қарсымын. Институтта жасау жолын көрсеткенде жүрегім ауырған. Сол әлі көз алдымда тұр. Бұл өте ауыр жағдай. Құдайдың алдында да жауап беру қиын. Сондықтан аборт жасаған емеспін.

– Өңірде бала туу көрсеткіші жоғарылады ма?

– Туу көрсеткіші облыс бойынша төмендеген жоқ. Бірақ көбейіп те кетпеді. Бір деңгейде тұр. Облыста жылына 18 мыңнан аса сәби дүниеге келеді, оның ішінде 60 пайызы Қызылорда қаласына тиесілі. Яғни біздің орталықта бір жылда 11 мыңға, бір айда мыңға жуық нәресте туылады. Ал бала шетінеуі соңғы 3 жылда 70 пайызға дейін төмендеді.

– Осынау қиын салада қажырлы қызмет атқарып жүрсіз, отбасыңызға уақыт бөле алмай қалатын кезіңіз бола ма?

- Уақыт табуға тырысам. Онсыз болмайды. Кейде жұмыстан түн жарымда қайтатын кезіміз болады. Жақында акушер-гинологтардың тағдыры туралы бір мақала оқыдым. Автордың зерттеуінше бұл мамандық иелерінің көбісі жалғызбасты немесе күйеуімен дәм-тұзы жараспай ажырасып кетеді-міс. Оған себеп - жұмыс жағдайын жолдастарының түсінбеуі. Ал менің бағыма орай жұбайымның түсінігі мол. Маған жаны ашып, қолдау көрсетеді. Соған өзімді бақытты сезінемін. Сондықтан жұмыстан кешіккен жағдайда жылы қабақпен қарсы алып, түсіністік танытады. Енді мен де үйге келгенде ол кісіге құрмет көрсетіп, жағдайын жасаймын. Үй тіршілігін реттеп, ас-су дайындап, кір жуып, үлгеремін. Акушер-гинекологтардың қол-аяғы жеңіл, шаруаны шапшаң, тиянақты бітіреді.

– 8 наурызда анаңызға қандай сый жасайсыз?

– Біріншіден, анама телефон шалып жылы лебізімізді айтамыз. Интернет арқылы тапсырыс берген гүлімізді жібереміз. Оның үстіне, 8 наурыз мерекесінің алдында Алғыс айту күнінің белгіленгені жақсы болды. Анамыз қатал кісі. Жақсы көреміз, сыйлаймыз, бірақ "бізді дүниеге әкеліп, осындай дәрежеге жеткізгеніңізге сізге мың да бір алғыс" деп айта алмайтын едік. Сөйтіп, жай күндері айта алмаған жүрекжарды сөзімізді сол мерекеде жеткізуді әдетке айналдырдық. Ата-енемізге, әке-шешемізге құрмет жасап, алғыс айтудан шаршамауымыз керек. Олар мәңгі қасымызда болмайды. Адам үлкейген сайын, ананың қадірін терең түйсінеді екенсің.

– Балаларыңыз, жұбайыңыз осы мейрамда сізді қалай қуантады?

– Гүл, сыйлық береді. Жолдасым салмақты, сезімтал кісі. Мейрам күндері жақсы көретінін білдіріп "Саған шай құйып берейін" дейді. Соның өзі үлкен демеу, адамға қуаныш сыйлайды. Бір-бірінің жағдайын ойлап, жылы шыраймен қарасып, емен-жарқын сөйлесу де жүрек пен жүректі жалғайтын сыйлық. Қазіргі заманда бұндай аз. Әріптестеріме де пациентке жылы сөздеріңді аямаңдар, көңіліне қарап сөйлеңдер деймін. Олар сол сөздің өзінен қуат алып, риза болады. Адамдар жылылыққа мұқтаж. Біздің мекемеде 700-ге жуық қызметкер жұмыс істейді, олардың тәрбиесі әр бөлек. Адаммен тіл табыса алмайтындары кезігеді. Оларды жұмыста қайта тәрбиелеуге, жұмыстың маңызын, пациентке күліп қарауды үйретуге тура келеді. Дәрігерлердің үстінен түсетін арыз-шағымдардың көбісі олардың кәсіби біліктілігіне күмән келтіргеннен емес, дұрыс қарым-қатынас жасамағанына байланысты болып отыр. Пациент қанша ашуланып тұрса да сабыр сақтап, жылы сөйлеп, жәрдем беруіміз керек.

– Әңгімелескеніңізге рахмет.
Өзгелердің жаңалығы