Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласының аясында ауыз толтырып айтарлықтай жобалар қолға алынды. Осы орайда университеттер арасында тарих факультетінің мамандары өзіндік зерттеру жұмыстарын жасап, ғылыми жобаларды іске асырды.
Бұл жайында Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің бағдаламаны іске асыру барысында атқарған жұмыстары мен зерттеу еңбектері туралы тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Смағұлова Гүлнар Мұратбекқызынан сұрап білген едік.
– Гүлнар Мұратбекқызы, алғашқы сауал Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының төңірегінде болмақ. Осы аталған бағдарламаны іске асыру мақсатында қандай жобаларды жүзеге асырдыңыздар?
– 2017 жылы жарияланған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бұл мақаласы бірден стратегиялық маңызға ие бағдарламаға айналды. Бағдарлама 6 маңызды бағыттардан тұрады. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, оның ішінде өзім жұмыс істейтін тарих факультеті осы бағдарламаның іске асуына ат салысып келеді. «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру», «100 оқулық» бағыттары бойынша бірнеше ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Студенттер арасында «Тарихи мозаика» атты интеллектуалдық ойындар өткізілді. Орталық Қазақстанның археологиялық экспедициясы кезінде табылған тарихи жәдігерлер туралы жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Археолог-ғалымдар (Жауымбаев С.У., Варфоломеев В.В.) 2017-2019 жылдары аралығында шамамен 18 млн. тенгені құрайтын ғылыми жобаларды игерді. Ең маңызды шаралардың бірі Қарағанды облысы білім басқармасының білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы мамандарымен ҚарМУ ғалымдары бірлесіп дайындаған Қарағанды облысына арналған, екі тілде жазылған «Өлкетану. Қарағанды облысы. Жалпы білім беретін мектептің 5,6,7-сынып оқушыларына арналған» оқулық болды. Бұл ҚР білім және ғылым министрлігінің грифімен дайындалған кітап. Кітапті құрастыруға қатысқан ғалымдар – Бейсенбекова Нұрсахан Ахметқызы, Шотбақова Ләззат Қасымқызы, Төлеуова Бақытгүл Тлеубайқызы және өзім де бармын. Бұл кітап Eurasian Book Fair – 2018, яғни Халықаралық Еуразиялық кітап көрмесі-жәрмеңкесінде ІІІ орынды иеленді.
– Аталған бағдарламаның маңызды бір бөлігі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Ғалым ретінде бұл жобаның ел үшін маңыздылығын атап өтсеңіз?
– Біріншіден, бұл жоба барша қазақстандықтар үшін маңызы жоғары деп санаймын. Өткен тарихымызды, мәдениетімізді дұрыстап біліп, тану үшін және оны келешек ұрпаққа жеткізу барысынад құны жоғары. Қазақстанның территориясы дүние жүзі бойынша 9-шы орында болса, көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Осындай үлкен аумақта осы жерде туып, өсіп жатқан өзіміз де елімізді киелі жерлерін жан-жақты біле бермейміз. Немесе, киелі жерлер туралы естісек те, оларды барып көргенде жоқпыз. Сондықтан елімізде көптеген киелі жерлердің бар болғаны үшін біз мақтанамыз. Екіншіден, киелі жерлер арқылы ішкі және сыртқы туризмді дамытуға болады. Сол арқылы еліміздің экономикасына кіріс кіреді. Бұл әлемдік тәжірибе. Әлемнің көптеген елдері туризм арқылы да дамып отыр. Бізге неге қолға алмасқа? Ол туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек. Сондықтан еліміздегі туризм саласының қазіргі ахуалын түбегейлі өзгертетін уақыт келді. Бұл жұмыстарды Ұлытаудай қасиетті жерлерден бастауымыз қажет» деген болатын, «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында. Үшіншіден, киелі жерлерді қазақстандық ғалымдар өздерінің ғылыми-зерттеулеріне де қоса алады, заманауи методологиялық әдістер арқылы зерттейді. Мысалы, археология саласында.
– Бүгінде жоба аясында жалпыұлттық маңызға ие киелі нысандар саны 205-ке, ал өңірлік маңызға ие нысандар саны 575-ке жетті. Бұл сандар алдағы уақытта көбейуі мүмкін бе?
– Әбден мүмкін. Қарағанды облысының «Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының» мәліметтері бойынша 2700 ескерткіш тіркелген, оның 1538-і мемлекет қарауында, 22 ескерткіш республикалық мәртебеге ие. Олардың ішінде Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл, Болған ана кесенелері, Беғазы мазарлары, ортағасырлық Басқамыр, Аяққамыр қалашықтары, Қызылкеніштегі будда храмы т.б. Сондай-ақ «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын игеруге мемлекеттік деңгейде үлкен көлемде қаржы бөлінген. Жергілікті қаржыландыру бар. Мысалы, Қарағанды университетінің археолог-ғалымдары бір ғана осы жоба арқылы жақсы жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Айталық, Шет ауданының аумағындағы Қаражартас қорымынан табылған ежелгі сатылы тастан жасалған пирамида. Атақты Джосер пирамидасына (б.з.д. 2600 ж.) ұқсас бұл пирамида Қазақстан үшін сенсациялық жаңалық болды. Өйткені біздің елімізде бірінші рет табылған пирамида. Ұлы Дала жеріндегі осындай керемет ескерткішті ашқан біздің университеттегі Сарыарқа археологиялық институтының археологы Кукушкин Игорь Алексеевич деген ғалым. Ол туралы көп жазылды, халықаралық «Нэшнл джиографик» бағдарламасынан арнайы топ келіп өздерінің бағдарламасына арқау етті. Мұндай ескерткіштердің бар болуы біздің көне мәдениетімізді нақтылайды әрі бекіте түседі. Бүгінгі күндері Қаражартас қорымына қызықтап көруге келетін келушілердің саны артып келеді. Қазір осы аумақта зерттеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Қаражартас қорымын және оның маңындағы ескерткіштерді халыққа насихаттау, туристерді тарту мақсатында «Талды тарихи-археологиялық паркін» ашу жұмыстары жасалуда. Оған облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. 2021 жылы парк жұмысы аяқталады деп жоспарланған. Қарағанды облысының «Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының» мәліметтері бойынша тек 2018-2019 жж. аралығында Қарағанды облысы бойынша 20-дан астам тарихи-мәдени ескерткіштеріне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген екен. Ал қасиетті нысандар бес топқа жіктелетінін ескерсек (Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері; Археологиялық ескерткіштер және орта ғасырлық қалалық орталықтар; Діни және ғибадат орындары болып табылатын орындар; Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар; Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар), ендеше алдағы уақытта сандар саны көбейтіні даусыз.
– Бұл жобаға шетел ғаламдарының қызығушылық танытып жатқанын естіген едік...
– Әрине, шетелдіктер қызығушылық танытады. Тек біздің Қарағанды облысы бойынша 22-і республикалық; 44-і жергілікті киелі жер нысандары болып табылады және сол тізімге енді. Мысалы, діни және ғибадат орындарына жататын Алаша хан, Жошы хан кесенелері; тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындарға жататын Қарқаралыдағы ұлы Абай тоқтаған Бекметовтардың үйі; саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындардың бірі – Абай ауданы, Долинка кентіндегі Мамочкина зираты және т.б. Осылардың бәрін шетелдіктер өз көзімен көргісі келеді. Келіп көріп жүргені қаншама? Ал археологиялық қазба жұмыстарға деген шетелдік ғалымдардың қызығушылығы тіпті үлкен. Бұл бағытта үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бір ғана мысал келтірейін. 2016-2018 жылы Қарқаралыдағы Алат қонысын зерттеуге Эхимэ (Жапония) университеті жанындағы Көне Шығыс Азияның ерте темір мәдениетін зерттейтін орталықтың директоры, профессор Ясуюки Мураками қатысты. 2016 жылы бірлескен экспедиция темір балқытуға арналған пешті тапты, ал 2017 жылы ғалымдар темір балқыту пешінің моделін қайта қалпына келтіру бойынша археологиялық сынақ өткізді. Я. Муракамидің пікірінше темір өндірудің технологиясы Сібірдің оңтүстігі мен Қазақстанда пайда болған. Осы жерлерден Монголия, Қытай және Корея арқылы Жапонияға жеткен. Жапон ғалымы бұл жобаны «Ұлы темір жолы» деп атайды. Профессор Я. Мураками археологиялық нысан мен темір балқыту жасын анықтау үшін кейбір заттарға – ағаш көмірі, жануарлар сүйектеріне радиокөміртекті талдау жүргізуді ұсынды. Осының алдындағы талдауларға сәкес б.з.д. ХІІІ-VІІІ ғғ. дейінгі объектінің болжамды мерзімі, бұл 3-5 ғасырларға Қазақстанда балқыту мен темір өндіру процесін ұзартады. Бұл зерттеулер Орталық Қазақстанның ежелгі металлургия тарихын, аймақ тайпалары мен көршілес аумақтардың өмірінде металдың қандай маңызды рөл атқарғанын туындағын сұрақтарға жауап алуға, нақтылауға мүмкіндік берді. Сондықтан шетелдік ғалымдардың қызығушылығы орынды деуге болады. Менің білетінім қарағандылық археологтар Жапония, Англия, Германия, Ирландия, Ресей мемлекеттерінің археолог-ғалымдарымен тығыз ынтымақтастықта.
– Елбасы айтып өткен прагматизімді қазіргі жастардың бойында қалай дамытуға болады? Бұл бағытта жастармен жұмыс жасайсыздар ма?
– Жастардың бойына дамытудың ең тиімді жолы – тәжірибе. Яғни, сөзбен түсіндіріп қана қоймай, жастарды ғылыми лабораториялар мен орталықтарға, археологиялық, этнографиялық экспедициялар мен ішкі туризм саяхаттарына жастарды көбірек тарту керек. Сонда олар өз көздерімен көріп, қолдарымен ұстап, ескерткіштердің қаншалықты құнды екендігін түсінеді. Әрине, бұл бағытта жұмыс жасаймыз. Біріншіден, Қарағанды университетінің тарих факультеті мамандықтарының оқу бағдарламалары шеңберінде (Тарих, Археология және этнология) жұмыс жүргізіледі, яғни оқу тәжірибелері арқылы. Екіншіден, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі және Қарағанды облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі орталық мамандарымен бірлескен арнайы экспедициялар ұйымдастырылады. Мысалы, 2019 жылы күзінде «Ұлытау – Алтын Орда бесігі» атты Республикалық экспедиция жасақталып, бір топ жастар Ұлытаудай қасиетті жерге барып келді. Оның қатарында біздің университеттің де студент жастары болды. Осындай танымдық экспедиция барысында жастар оқулықтан оқығандарын, өз көздерімен көруі арқылы Ұлытаудай қасиетті жердің кереметтігін терең түсініп, отан сүйгіштік сезімдері кеңейтті. Кешегі өткен тарихтың құндылығын шынайы бағалай білетін дәрежеге жетті. Оны экспедиция қорытындысы бойынша тарих факультетінде ұйымдастырылған кездесу барысында студент жастардың жарыса айтқанынан бірден түсіндік. Экспедиция бойынша тағы бір тұжырым – жастардың осыған дейін алған тарихи білімдері экспедиция барысы арқылы олардың бойында тарихи түсініктің бірдей деңгейде және анық қалыптасқандығы еді. Үшіншіден, студенттер, магистранттар мен докторанттар гранттық қаржыландыру жобасына да тартылады. Мысалы, ҚР БжҒМ гранттық қаржыландыру жобаларының «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдың білімі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер) бағыты бойынша «Тарихи білім Қазақстан Республикасындағы жас ұрпақтың ұлттық санасының жаңғыруы және рухани модернизациясының негізі ретінде (Орталық Қазақстан материалдары бойынша)» атты (жобаның жетекшісі т.ғ.к. Б.Т. Төлеуова) ғылыми жобаға бірнеше жастар тарылған. Факультетімізде осындай бірнеше жобалар іске асырылуда. 2020 жылдың өзінде бір топ ғалымдар - В.В. Варфоломеев, З.Ғ. Сақтағанова, Б.Т. Төлеуова, Ж.А. Жұмабеков, С.У. Жауымбаев гранттық жобаларды игеруде. Осы аталғандардың бәрі практикалық сипатқа ие. Сонымен бірге академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ тарихшыларына көмек көрсететін, үнемі бірлесіп жұмыс істейтін Төлеуов Түлкібай Сақтағанұлы басқаратын Қарағанды облысының Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы мен Нұрмағамбетов Ержан Нұрланұлы басқаратын облыстық тарихи-өлкетану музейі ұжымдарын ерекше айтып кеткен жөн деп есептеймін. Аталған мемлекеттік мекемелерде білікті жас мамандар, өзіміздің көптеген шәкірттеріміз жұмыс істейді. Мысалы, Жошы хан мазары маңында орналасқан археологиялық ескерткіштеріне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген Әлкей Елдосты айтуымызға болады. Тағы бір айтып кететін жайт, ол жастарымыздың барлығы да магистратура бітірген, магистр дәрежесі бар жас зерттеушілер.
– Жоғарыда атап өткен бағдарламаның жалғасы іспеттес «Ұлы даланың жеті қыры мақаласы» жайында сөз қозғасақ. Елбасы мақалада тарихымызды қайта зерттеуге, жаңалауға мүмкіндік беретін жобаларды қолға алуды жүктеді. Жоба барысында Сіздің пікіріңізше тарихқа қандай тың дүниелер қосылып жатыр бүгінгі таңдар?
– Алты жоба айтылады. Соның ішінде тарихқа тікелей қатысы барлары төртеу - «Архив-2025»; «Ұлы даланың ұлы есімдері»; «Түркі халықтарының генезисі»; «Ұлы дала». «Архив-2025» жобасы арқылы шетелдердің архивіндегі төл тарихымызға қатысты құжаттарды Қазақстанға жеткізу. Бұл процесс 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы кезінде-ақ қолға алынған. Қазақстанға Ресей Федерациясы, Қытай, Батыс Еуропа елдерінің архивтерінен көптеген құжаттар әкелінді, оларды жүйелеп, жекелеген деректерді басып шығарды. Бірақ көптеген архивтер толығымен ашылған жоқ. Ал «Ұлы даланың ұлы есімдері» арқылы тарихымызға басқаша қарайтын боламыз. Тәуелсіздікке дейін көптеген тұлғаларымыздың есімдерін білмедік немесе олар туралы бұрмаланып жазылған жаңсақ тарихты ғана білдік. Бұл дегеніміз ұлт үшін үлкен қасірет, өкінішті. Енді міне, шынайы түрде танып білетін боламыз. Тіпті арамызда жүрген, ғылымға, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени, саяси дамуына үлес қосып жүрген адамдарды да көпшілік біле бермейді. Оларды да танытқан дұрыс. Бұл ретте біздің университтің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Ол жерде де жастарымыз жұмыс істейді. Қосылып жатқан тың дүниелердің бірі ретінде Б.Т. Төлеуова жетекшілік ететін жобаның аясында «Сарыарқа мұрасы» атты сайт іске қосылғалы жатқанын да бір мысал ретінде айтуға болады. Ол сайттан да тың дүниелер, зертеулер барысында алынған жаңалықтарды көріп отыруға болады, танысуға мүмкіндік береді. Бұл сайт та Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі ұжымдарымен бірлесіп жасалуда.
– Жобалардан қандай нәтиже күтесіз?
– Әрине, жақсы нәтижелер күтеміз. Ол нәтижелер рухани санамызды, әсіресе жастардың санасын жаңғыртуға көмектеседі ғой деп ойлаймын. Өйкені қазіргі жастардың көбінің бойында ұлтжандылық, патриотизм деген жоқ. Әлі де болса мәңгүрттік кездеседі. Ал рухани санамыз, ішкі мәдениетіміз жақсарған сайын, Қазақстанда рухани тұрғыдан жаңғыру өзіндік нәтижелерін береді. Бұл жерде жастарды кінәлаудан аулақпын. Кінәны отбасынан іздеу керек. Әуелі отбасы, сосын әлеуметтік орта мен қоғам тәрбиелейді. Ал отбасында рухани құндылық болмаса немесе рухани құндылыққа тәрбиелемесе, онда жастардың жазығы қандай? Өкінішке орай, бүгінгі кейбір жастар тарихи сана, ұлттық құндылық, рухани байлықтан гөрі материалдық байлықты алдыңғы орынға қояды. Олардың бойларында «ақша немесе тамыр-таныс арқылы бәрін де шешуге болады» дейтін жаман пасықтық орын алған. Бұлардың қатарында «Біздің елдің келешегі жоқ. Сондықтан менің орным шетелде» дейтін топтағылар да бар. Ал кейбірі теріс діни ағымдарға еріп, қылмыс жасап жүр. Санасы уланған мұндай жастарға ұсынатын ақыл мен көрсететін жол – біреу. Ол биыл 175 жылдығын тойлап отырған ұлы Абай атамыздың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек және бекер мал шашпақ» деген бес дұшпаннан аулақ жүріп, «талап, еңбек, терең ой, қанағат пен рақым» атты бес асыл іске жақын болу арқылы айқын көрсетілген. Рухани санамыз неғұрлым жаңғыра түссе, сол ғұрлым жақсы нәтиже болады деп ойлаймын. Өз басым үздіксіз жүретін модернизация процесін, оның ішінде рухани модернизацияны ұнатамын әрі қолдаймын. Мен еліміздегі рухани модернизацияның табысты жүруі үшін Шығыс елдерінің, әсіресе Жапония мен Қытай тәжірибесімен жақсылап танысқан дұрыс деп санаймын.