Freedom Bank клиенттерінің шотындағы ақша жоғалып кеткен: Банк түсініктеме берді

Әлеуметтік желіде ондаған қазақстандық банкке тиесілі картадан ақша жоғалып, шот минусқа кеткенін жазған. 

11 Тамыз 2026, 12:14
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 11 Тамыз 2026, 12:14
11 Тамыз 2026, 12:14
130
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Әлеуметтік желілерде Freedom Bank клиенттері банк карталарындағы қаражаттың негізсіз азайып кеткенін, ал кейбір шоттардың тіпті минусқа түсіп қалғанын жазды. Жағдайға байланысты банк ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Әлеуметтік желіде ондаған қазақстандық банкке тиесілі картадан ақша жоғалып, шот минусқа кеткенін жазған. 

Фридом банк осымен екінші рет минусқа жіберіп отыр. Сене алмайтын болдық қой бұл банкке.

 Фридом банк не бүлдіріп жатыр екен, шоттағы ақшаларым азайып жатыр.

Бүгін бәрінде Фридом банкке қатысты проблема туындады ма? Ақша өз-өзінен алынып жатыр, енді шот минусқа кеткен, - дейді қазақстандықтар.

Желіде мұндай сипаттағы ондаған жазба пайда болды. 

Банк не дейді? 

Freedom Bank мәліметінше, 10 тамыз күні серіктестердің бірінің жүйесінде болған қысқа мерзімді техникалық ақау салдарынан кейбір клиенттердің шотындағы қалдықтар дұрыс көрсетілмеген.

Банк өкілдері бұл мәселенің тек техникалық сипатта болғанын және клиенттердің ақшасының жоғалуына немесе нақты есептен шығарылуына қатысы жоқ екенін атап өтті.

Клиенттердің қаражаты толық қауіпсіздікте. Шоттардағы нақты қалдықтар жақын уақытта дұрыс көрсетіледі, – делінген банк хабарламасында.

Freedom Bank Қазақстанның Ұлттық төлем корпорациясымен (ҰТК) бірлесіп деректерді сәйкестендіру және жүйелерді синхрондау жұмыстарын жүргізген. Қазіргі уақытта шоттардағы ақпарат түзетіліп, барлық операциялар қалыпты режимде өңделіп жатыр.

Ұлттық төлем корпорациясы да жағдайдың мамандар бақылауында болғанын мәлімдеді.

Мәселе анықталған сәттен бастап жағдай Ұлттық төлем корпорациясы мен банктің бақылауында болды. Деректерді синхрондау бойынша қажетті жұмыстар жүргізіліп, жүйелердегі ақпарат толық сәйкестендірілді. Қазіргі кезде барлық сервистер штаттық режимде жұмыс істеп тұр, – деп хабарлады корпорация.

Клиенттерге өтемақы беріледі

Freedom Bank қалыптасқан жағдайға байланысты зардап шеккен клиенттерге қосымша бонус ұсынатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, техникалық ақау әсер еткен барлық клиентке бір ай мерзімге Platinum мәртебесі беріледі. Бұл мәртебе аясында банк клиенттері адалдық бағдарламасының шарттарына сәйкес 6%-ға дейін кэшбэк ала алады.

Ал Platinum мәртебесі бұрыннан бар пайдаланушылар үшін кэшбэк көлемі бір айға 10%-ға дейін ұлғайтылады.

Банк өкілдері клиенттердің сенімін жоғары бағалайтынын және осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін қосымша шаралар қабылданатынын жеткізді.

Наверх