Францияның орталығын су басты

21 Қазан 2024, 13:48
453
Бөлісу:
Францияның орталығын су басты
Фото: ru.euronews.com

Францияда 17-19 қазан аралығында толассыз жауын жауып, елдің орталық бөлігін су басты, деп хабарлайды BAQ.KZ Egemen.kz сілтеме жасап.

Франциялық БАҚ мұндай топан су ел аумағында кейінгі 40 жылда болмағанын атап өтті.

Ал француз метеорологтары оңтүстіктегі Ардеш және Лозер аймағының кейбір аудандарында 48 сағат ішінде 700 миллиметрге дейін жаңбыр жауғанын мәлімдеді.

Франция премьер-министрі Мишель Барньенің айтуынша, төтенше жағдай болған уақытта мамандар 2300-ге жуық құтқару операциясын өткізген. 1000-нан аса адам эвакуацияланған.

Біз климаттың осындай тосын мінезіне дайын болуымыз керек. Мен төтенше жағдайларға Еуропа елдері біріге алдын алу шараларын ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Тәжірибе көрсеткендей топан судың салдарымен емес, алдын ала себебін анықтап, оған жол бермеу экономикалық тұрғыда да әлдеқайда тиімді, - деді Франция премьер-министрі.

Сондай-ақ, су тасқыны кезінде Лион мен Сент-Этьен қалалары арасында темір жол қатынасы үзілген. Күре жолды да су шаюына байланысты көлік қатынасы тоқтатылған.

19 қазан күні Метео-Франция күн райының қолайсыздығына байланысты қойылған қауіптің қызыл белгісін жойды. Деседе оңтүстік-батыс аудандарда әлі де нөсер жауын салдарынан су тасқыны болуы мүмкін екенін ескертті.

Бүгінде ел аумағын судан тазарту, инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары басталып кеткен.

Өзгелердің жаңалығы