Франциядан келген кардиолог Алматыда тәжірибесімен бөлісті

10 Маусым 2022, 10:46
1596
Бөлісу:
Франциядан келген кардиолог Алматыда тәжірибесімен бөлісті
PHOTO

Алматы, BAQ.KZ. КІА ҒЗИ-де Франциядан келген маманның қатысуымен «Перфузия және жасанды қанайналым саласындағы инновациялар» тақырыбында шеберлік-сағаты өтті.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-де «Перфузия және жасанды қанайналым саласындағы инновациялар» тақырыбында перфузиолог дәрігерлерге арналған семинар және шеберлік-класс өткізілді. Аутотрансфузияны клиникалық қолданудың тереңдетілген курсын Еуропада перфузия және жасанды қанайналым саласындағы жетекші маман, Франциядан келген профессор, доктор Юсеф Эль Дзуки (Youssef El Dsouki) өткізді.

Шеберлік-сағатына Алматы қаласы, Абай, Ақмола, Қостанай облыстарының, СҚО, БҚО  және еліміздің басқа өңірлерінің медициналық ЖОО, ғылыми орталықтарының, облыстық және қалалық орталық және көпбейінді ауруханалары мен кардиоорталықтарының, сондай-ақ жеке медицина клиникаларының перфузиолог дәрігерлері жиналды.

Біздің клиникада көрсетілетін медициналық қызметтер мен жабдықтардың сапасы JCI барлық стандарттарына сай. ТМД мен Еуропаның ең үздік клиникаларында тағылымдамадан өткен мамандарымыз перфузиология саласындағы ең жаңа қауіпсіз технологияларды меңгерген. Біз дәрігерлердің кәсіби өсуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасаймыз. Әр маман үнемі жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, медицина саласындағы инновациялар туралы  хабардар болуы тиіс. Біздің мамандар жақын және алыс шетелде үнемі біліктілігін арттырып отырады, пациенттер сапалы, уақытылы және білікті көмек алуы үшін әріптестерімен тәжірибе алмасады, - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Роза Куанышбекова.

Роза Тохтанәлиқызының айтуынша, қазіргі таңда жүрекке жасалатын ауыр операциялар перфузиологтың қатысуынсыз жасалмайды. Перфузиолог барлық өмірлік маңызды органдардың оңтайлы қанайналымын бақылайтын дәрігерлердің кардиохирургиялық тобының «жүрегі» деп айтуға болады.

Франциядан келген кардиолог Алматыда тәжірибесімен бөлісті

Көптеген жылдар бойы қанайналым ағзаларының аурулары өлім-жітімнің негізгі себебі болып келеді. Профилактика жүргізу, уақытылы диагностикалау, емдеудің жоғары технологиялық әдістерін енгізу, оның ішінде ашық жүрекке операция жасау пациенттердің денсаулығын сақтауға, олардың өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді.  Кардиохирургиялық араласулардың көпшілігін орындау кезінде жасанды қанайналым жүргізіледі.

Доктор Юсеф Эль Дзуки Қазақстан кардиохирургия саласындағы Орталық Азиядағы ең дамыған ел екенін, Алматы мен Нұр-Сұлтанда жоғары стандарттарды ұстанатынын атап өтті. Ол, кардиохирургиялық операциялар өз алдына күрделі, сондықтан біз тәжірибе алмасуымыз керек, деді.

Франциядан келген кардиолог Алматыда тәжірибесімен бөлісті

Перфузиолог дәрігер ашық кардиохирургиялық операциялар кезінде пациенттің жүрегін тоқтатады және қайта қосады. Ол жасанды қанайналым аппаратының қалай жұмыс істейтіндігін бақылап тұрады, осының арқасында пациенттің жүрегі уақытша тоқтатылып, өкпесі тыныс алмаған кезде қан пациенттің ағзасы бойынша айналып тұрады. Операция жасалып жатқан кезде науқастың жүрек соғысы мен тыныс алу функциялары оның ағзасынан тыс шығарылады, - деп ҒЗИ жасанды қанайналым зертханасы бар кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев атап өтті.

Перфузиолог дәрігерлердің айтуынша, жүректі тоқтату қиын емес, ең қиыны оны қайта қосу.

Тіпті алған тәжірибең мен жасалынған операциялардың санына қарамастан, әрдайым алғаш рет жасап тұрғандай уайымдайсың, - дейді мамандар.

Шеберлік-класс шеңберінде қатысушылар перфузия және аутотрансфузия саласындағы инновациялық технологиялармен танысты. Перфузиологтар жақсы нәтижелерге әкелетін, тексеруден өткен әдістердің көмегімен кардиохирургиялық операциялар жасау кезінде жасанды қанайналым және қанды басқарып тұрудың ең жоғарғы стандарттарын қалай қолдану керектігін үйренді. Семинар барысында алынған білімдерін перфузиолог дәрігерлер практикалық жұмысында пайдаланатын болады. Бүгін семинар өз жұмысын жалғастырады.
 

Өзгелердің жаңалығы