Францияда жанармай қымбаттады: Үкімет жаңа қолдау шараларын енгізді

Үкімет жанармай бағасының өсуі жағдайында көлік тасымалдаушыларына арналған бұрынғы субсидияны тоқтататынын хабарлады.

 pixabay 23 Қыркүйек 2026, 01:29
23 Қыркүйек 2026, 01:29
55
Фото: pixabay

Франция үкіметі жанармай бағасының өсуіне байланысты халық пен бизнеске арналған қолдау шараларын кеңейтті. Жаңа бағдарламалардың жалпы құны шамамен 450 млн еуроны құрайды, деп хабарлайды Euronews.

Экономика министрі Ролан Лескюрдің мәлімдеуінше, жанармайды көп тұтынатын жүргізушілерге берілетін көмек алушылардың саны 3 млн-нан 5,5 млн адамға дейін ұлғаяды. Олар бір литр отынға шамамен 40 еуроцент көлемінде жеңілдік алады. Ай сайынғы үнем орта есеппен 100 еуроға дейін жетуі мүмкін.

Үкімет сондай-ақ табысы төмен отбасыларға берілетін энергетикалық чекті 2027 жылы сақтайды. Қаңтардан бастап шамамен 4,5 млн үй шаруашылығы табысы мен отбасы құрамына қарай 48-ден 277 еуроға дейін көмек алады.

Салалық қолдау шаралары да ұзартылды. Құрылыс компанияларына бір литр отынға 20 еуроцент, фермерлерге 15 еуроцент өтемақы қарастырылған. Балықшылар үшін субсидия литріне 25-тен 35 еуроцентке дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар шағын және орта бизнеске пайызсыз несие беру тетігі іске қосылады.

Медицина саласында күніне 100 шақырымнан астам жол жүретін медбикелерге 80 еуро көлемінде қосымша төлем беріледі. Бұл шара шамамен 25 мың маманды қамтуы мүмкін. Үйде күтім көрсету қызметкерлері де жанармай шығынына байланысты қолдау ала алады.

Үкімет жанармай бағасының өсуі жағдайында көлік тасымалдаушыларына арналған бұрынғы субсидияны тоқтататынын хабарлады. Билік бұл көмектің енді қажеті жоқ деп есептейді.

Францияда жанармайдың орташа бағасы жексенбі күні литріне 2,41 еуроға жеткен. Елдегі жанармай құю станцияларының шамамен 14 пайызында отынның кемінде бір түрі болмаған.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, 1–21 қыркүйек аралығында жанармай тұтыну өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19 пайызға төмендеген. Ал 20 қыркүйектегі жағдай бойынша отыннан түсетін салық түсімдері 407 млн еуроға азайған.

Франция билігі жанармай жеткізуде қазіргі уақытта мәселе жоқ екенін айтып, жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Үкімет ұзақ мерзімді шешім ретінде көлік саласын электрлендіруді жалғастыруды жоспарлап отыр.

Наверх