Франция Астанаға үміт артады - сарапшы

1 Қараша 2023, 13:45
927
Бөлісу:
Франция Астанаға үміт артады - сарапшы
Фото: Арман Мухатов - архив

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келді. Саяси сапардың мән-жайы туралы сарапшы Айбар Олжай ойымен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапарының мақсаты қандай?

- Франция Республикасының 25-ші президенті Эмманюэль Макрон былтыр Парижде Қазақстан Президентін қабылдағанда Астанаға қарымта шақырту алған. Осы негізде Макрон уран өндіру бойынша әлемдегі нөмірі бірінші елге келе жатыр. Ұсақ-түйекті есептемесек, француздарға қазақтардан өмір бойы екі нәрсе керек болып келді: уран мен мұнай.

Қазақ уранына француздар 1995 жылы президент Франсуа Миттеран дипломатиясы арқасында қол жеткізді. Миттеран бастамасымен француз алпауыты Orano Қазатомпроммен бірлескен кәсіпорын құрып, Мойынқұм мен Төртқұдық кеніштерін игере бастаған болатын. Бұл кеніштерден француздар өз АЭС-теріне отын-таблетка құрамасын жасау үшін жылына шамамен 1,8 мың тонна уран алады. Қалғанын Нигерден тасып келген еді. Енді Нигерде революция болып, француздардың уран алуы қиындап отыр. Франция тарапына Мойынқұм мен Төртқұдық қазір жетіп тұрса да, болашақта Инкай сынды кеніш ауадай қажет. Макрон Қазақстанға ресми сапары кезінде осы мәселені шешуге тырысатын болады.

Француз басшысының сапары Қазақстанға пайда әкеле ме?

- Франция мен Германия Еуроодақтың екі локомотиві, ең жетекші елдері болып саналады. Екеуі де экологиялық декарбондалу – яғни, көмір-мазут-бензин жақпау жолына түсті. Бірақ Германия күн мен жел, және жасыл гидроген жолын таңдады. Ал Франция таза атом бағытына бет бұрды. Биыл Париж өзінің АЭС реакторларын салатын EDF корпорациясын национализация жасап, француз үкіметі оны толық бақылауына алды. Енді, қазір жұмыс істеп тұрған АЭС-терге қосымша, су жаңа EPR-2 типті 14 реактор салмақ. Онымен Франция өзінің электр энергиясына деген болашақ сұранысын толық жабатын болады.

Францияда 56 атом реакторы жұмыс істеп тұр. 1996 жылдан бері олардың барлығы қазақ уранын жағып отыр. Оған қоса, жаңа EPR-2 типті 14 реактор салынады. Олар да қазақ уранына есептелген. 5 жылдан кейін Францияда барлық электр жарығын тек қана атом беретін болады. Сондықтан, француздар бар үмітін Астанаға үкілеп артты.

EPR-2 – болашақтың реакторы және Макрон ертеңгі жемісті әріптестік жолында осы реакторды тиімді шарттармен ұсынып жатса, Қазақстан тарапына кәдімгідей ойлану керек.

Өзгелердің жаңалығы