Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Frankofonı Naýryzy 2021» мәдени фестивалі аясында канадалық фильмдер мен мультфильмдер көрсетіледі. Бұл туралы ОКҚ-де өткен онлайн брифингте Канаданың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Николя Бруссо айтты.
«Frankofonı Naýryzy 2021» мәдени шарасына атсалысатынымызға қуаныштымыз. Бұл шараға бірнеше жыл қатарынан қатысып келеміз. Канада - ұйымдастырушылардың бірі. Канада да Қазақстан сияқты екітілді мемлекет. Екі ресми тіл бар – ағылшын және француз тілдері. Канада халқының 23%-ы, яғни 7,2 млн-ы француз тілінде сөйлейді, - деді ол.
Канада елшісі «Frankofonı Naýryzy 2021» іс-шарасын ұйымдастырып отырған Франция дипломаты мен Француз альянсы желісіне алғысын айтты.
Осы жылғы маусымда үш канадалық фильмді ұсынамыз. Сонымен қатар қыс мезгіліне сәйкес келетін қызықты мультфильмдер қойылады. Одан басқа қысқаметражды фильмдерді де көрсету жоспарланып отыр, - деді елші бағдарлама туралы.
Оның айтуынша, француз тілін Канадада да үйретеді.
Қазақстандық студенттердің басым көпшілігі Канадаға білім алу үшін келетінін білеміз. Оқу француз тілінде де, ағылшын тілінде де жүргізіледі, - деді Николя Бруссо.
Мәдени іс-шаралар онлайн форматта да ұйымдастырылады.
«Frankofonı Naýryzy 2021» мәдени маусымының толық бағдарламасымен www.culturefrance.kz сайтынан және серіктес елшіліктердің және ұйымдардың әлеуметтік желідегі парақшаларынан танысуға болады. Барлығыңызды осы мәдени бай шараға қатысуға шақырамын. «Frankofonı Naýryzy 2021» мен Наурыз мерекесі құтты болсын, - деп өз сөзін түйіндеді дипломат.Айта кетейік, 1988 жылдан бастап 20 наурыз күні бүкіл әлемде Халықаралық Франкофония күні атап өтіледі. Қазақстанда жыл сайын серіктес елшілер бұл күні мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Бұл маусым еліміздегі Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келгендіктен 2018 жылдан бастап «Frankofonı Naýryzy» деп аталып келеді.
Наурыз, сәуір айларында Қазақстандағы француз Альянстары және Франкофон ассоциациялар елшіліктермен бірлесіп, еліміздің 7 қаласында (Астана, Алматы, Шымкент, Қостанай, Қарағанды, Өскемен, Атырау) мәдени іс-шаралар ұйымдастырады.