Бүгін Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Орталық Азия – Қытай екінші саммиті өтеді. Дәл қазір маңызды жиынның басталуына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.


BAQ.KZ тілшісі назарларыңызға Тәуелсіздік сарайында өтетін іс-шарадан кадрлар ұсынады.


Халықаралық саммит Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтеді. Оған Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин және Орталық Азия елдерінің – Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан мен Тәжікстан президенттері қатысады.



.jpg)
Бірнеше күннен бері Тәуелсіздік сарайы аумағында қызу дайындық жұмыстары жүргізілді. Ғимарат алдына әр елдің туы көтерілді.
.jpg)
Қатысушылар мен БАҚ өкілдері бірнеше сатылы қауіпсіздік тексеруден өтті. Құжаттарды сканерлеу, металл іздегіш қақпалардан өту және жеке заттарды тексеру секілді барлық шара жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр.

.jpg)
Саммиттің маңыздылығын ескерген жауапты органдар қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барынша көңіл бөлген.


Тәуелсіздік сарайындағы арнайы жабдықталған баспасөз орталығында жергілікті және шетелдік журналистер жұмыстарын бастады. Олар делегациялардың келуі, саммит барысы және ресми мәлімдемелер бойынша жедел ақпарат таратады.


Саммит отырысы өтетін негізгі залда техникалық мамандар мен ұйымдастырушылар соңғы рет жарық, дыбыс, аударма жүйелерін тексеріп, делегациялардың отыратын орындарын ретке келтірді.


Әр елдің туы мен арнайы белгілері қойылды. Атмосфера ресми әрі ерекше салтанатты.


“Орталық Азия - Қытай” саммиті осымен екінші рет өткізілгелі отыр.
Саммит аясында өңірлік өзара іс-қимылды нығайту, саяси диалогты кеңейту, сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету, көлік-транзиттік интеграцияны дамыту, энергетика, инновациялар және тұрақты даму мәселелері талқыланады.
Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, трансұлттық қатерлерге қарсы бірлескен әрекеттерді үйлестіруге, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық алмасуды ілгерілетуге ерекше назар аударылады.
Саммит қорытындысы бойынша Астана декларациясына және Мәңгілік достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылмақ. Бұл құжаттар тараптардың өзара сыйластық, сенім және ортақ жауапкершілік қағидаттарына негізделген жан-жақты серіктестікті одан әрі тереңдетуге деген ұмтылысын бекемдейді.
Сонымен қатар Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Орталық Азия – Қытай екінші саммитінің маңызы мен күтілетін нәтижелер туралы ойын айтты. Сарапшының пікірінше, Сөзінше, елімізге жаңартылған энергетика саласына инвестиция тарту қажет. Өйткені Қазақстан алдағы 5-6 жылда энергияны көміртексіздендіру сияқты бағыттарға баса назар аударып отыр.
Еске сала кетсек, 2023 жылы мамырда "Қытай-Орталық Азия" бірінші саммиті Қытайдың Сиань қаласында өткен болатын. Оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов қатысты. Ал жиынға ҚХР төрағасы Си Цзиньпин төрағалық етті.
Жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, өз сөзінде Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы болашақ өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын белгілеп, бірқатар бастама ұсынған еді.