Филиппиннің оңтүстігіндегі Минданао аралы маңында магнитудасы 7,8 болатын күшті жер сілкінісі болып, салдарынан кемінде 19 адам қаза тапты. Бұл туралы жергілікті билік органдары хабарлады, деп жазды ВВС агенттігі.
Жер сілкінісі дүйсенбі күні таңертең тіркелген. Табиғи апаттан кейін Филиппин, Индонезия, Жапония және Австралияда цунами қаупі туралы ескерту жарияланды. Алайда бірнеше сағаттан соң кейбір өңірлерде бұл ескерту күшін жойды.
Алдын ала мәлімет бойынша, Оңтүстік Котабато, Сұлтан Кударат, Сарангани провинциялары мен Генерал-Сантос қаласында кемінде 134 адам жарақат алған. Зардап шеккендер саны әлі нақтыланып жатыр.
Әлеуметтік желілерде тараған видео мен фотоларда бірнеше ғимараттың қирағаны көрінеді. Олардың қатарында танымал Jollibee жылдам тамақтану мейрамханасының ғимараты да бар.
Филиппин президенті Фердинанд Маркос мемлекеттік органдардың табиғи апат салдарын жою жұмыстарын үйлестіріп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол зардап шеккен өңірлерде оқу жылының алғашқы күніне жоспарланған сабақтарды тоқтатуды тапсырды.
Жер сілкінісінен кейін магнитудасы 1,3 пен 6,7 аралығындағы 130-дан астам афтершок тіркелді. Сарангани провинциясында электр және байланыс желілері уақытша істен шыққанымен, кейін олардың жұмысы қалпына келтірілген.
Жапония билігі де цунами қаупі туралы ескерту жасап, Окинава жағалауында бірнеше сантиметрлік толқын тіркелгенін хабарлады. Сонымен қатар Индонезия, Палау және Филиппин жағалауларында биіктігі бірнеше сантиметрден 1,4 метрге дейін жететін толқындар байқалған.
Айта кетейік, Филиппин Тынық мұхитындағы сейсмикалық белсенді «Отты шеңбер» аймағында орналасқандықтан, елде жер сілкіністері жиі болып тұрады.
Бұған дейін Филиппинде қуатты жер сілкінісі болғанын хабарладық. Жерасты дүмпулері Филиппиннің оңтүстігіндегі Минданао аралы жағалауында тіркелген.