Фермерлерге қолдау көрсетуді тапсырамын – Президент

14 Шілде 2022, 11:13
1124
Бөлісу:
Фермерлерге қолдау көрсетуді тапсырамын – Президент

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында мәлімдеді. 

Менің тапсырмам бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі алдын ала сатып алу тәсілдерін кеңірек қолдана бастады. Биылғы шілдеге дейін әлеуметтік маңызы бар 47 мың тонна азық-түлікке қатысты осындай шарттар жасалды. Дегенмен, мұндай көлемдегі тауар ішкі нарыққа айтарлықтай ықпал етпейтіні анық. Өнімді ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден алдын ала тікелей сатып алу жолдарын айқындау қажет. Мұнымен құзырлы министрліктер айналысуға тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы тәсілді жетілдіру үшін тиісті қауымдастықтарды және нарық субъектілерін жұмылдыруы тиіс, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сонымен қатар Президент өнімді сату мәселесі де өзекті деп отыр.

Тағы бір өзекті мәселе – өнімді сату. Өкінішке қарай, еліміздегі өнімнің бәрі бірдей дүкен сөресінен табыла бермейді. Импортпен қатар, ішкі кедергілер де бар. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мәселелері де аз емес. Олар тауардың үздіксіз жеткізілуін, өнім сапасының тұрақты болуын қамтамасыз ете алмайды. Басқа да талаптар бар. Әрине, мұның бәрін біртіндеп ретке келтірген жөн. Сондықтан фермерлерге қолдау көрсету тәсілдерін бірлесе әзірлеуді тапсырамын, - деді ҚасымЖомарт Тоқаев. 

Өзгелердің жаңалығы