Фермерлердің жанайқайы. Егін піспей қалды. Суды тамызда тоқтатып тастаған

22 Қыркүйек 2022, 12:46
2087
Бөлісу:
Фермерлердің жанайқайы.  Егін піспей қалды. Суды тамызда тоқтатып тастаған

Түркістан облысында суармалы жерлерді күтіп ұстау мәселесі бүгінде өткір тұр. Сенатор Әли Бектаев еліміздің Премьер-министрінің атына депутаттық сауалында өңірдегі проблемалар туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл мәселелерді тұрғындар депутаттың облысқа жұмыс сапары кезінде де көтерді. 

Сенатордың айтуынша, облыстың Шардара, Арыс және Отырар аудандарында 440 мыңнан астам адам тұрады. Олардың көпшілігі егіншілік саласында жұмыс істейді. Сонымен қатар 74 мың га ауыл шаруашылығы жерлерін суару үшін олар суды Шардара су қоймасынан 1970 жылдары салынған Қызылқұм магистралды каналы арқылы алады. 

Өкінішке қарай осы су қоймаларынан тарайтын каналдар мен су жүйелерінің жағдайы өте нашар. Жарты ғасырға жуық үздіксіз қызмет етіп келе жатқан Қызылқұм магистралды каналының пайдалы әсерінің коэффициенті 0,60 ғана. Жыл сайын су қоймасынан алынатын 950-980 млн м3 судың, тек 620-630 млн м3 ғана егіс алқаптарына жетеді, - деп атап өтті сенатор.

Депутат сондай - ақ, жер асты суларының көтерілуіне жол бермеу және топырақты қалыпты жағдайда ұстау үшін аймақта бұрын салынған 302 тік дренаж істен шыққанын немесе мүлдем жоғалып кеткенін айтты. Арыс-Түркістан каналы бойындағы ауыл шаруашылығы алқаптарының жағдайы да Бөген су қоймасындағы су көлемінің төмендеуіне байланысты қанағаттанарлықсыз жағдайда. Атап айтқанда, Сауран ауданының Шаға, Қарашық, Шорнақ ауылдарында фермерлерге қажет су беру тамыз айында толығымен тоқтатылды және бұл дақылдар әлі пісіп үлгермеген уақытта. 

Сіздерден келесі ұсыныстарға назар аударып, нақты шараларды қарастыруды сұраймыз: өңірдің барлық магистралды каналы мен суғару жүйелерінің барлығын толық зерттеп, оларды қалпына келтіру, су ағу мүмкіндіктерін арттыру, су шығынын төмендету бағытында нақты жол картасын жасап, алдағы 2-3 жылдың көлемінде күрделі жөндеуден өткізудің мүмкіндігін қарастыру, Сауран ауданындағы ауылшаруашылығы жерлерін суландыруды жақсарту мақсатында сыйымдылығы 3,2 млн м3 су қоймасын салуды ұсынамыз, - деп түйіндеді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы