Фермерлердің отандық техникаға сұранысы артып келеді – АШМ

10 Маусым 2021, 11:40
2200
Бөлісу:
Фермерлердің отандық техникаға сұранысы артып келеді – АШМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров фермерлердің отандық техникаға сұранысы артып келе жатқанын айтты.

Республика бойынша көктемгі дала жұмыстары кешенін жүргізу үшін 142 мың трактор, 4,3 мың өнімділігі жоғары егіс кешені, 73 мың тұқымсепкіш, 221 мың топырақ өңдеу құралдары жұмылдырылды.

Қолда бар 142 мың трактордың 75%-ының амортизациялық пайдалану мерзімі 15 жылдан асқан, бұл өндірістік циклге шамамен 35 мың трактор толыққанды қатысты деп айтуға болады, бұл трактор паркінің тозуы жоғары деңгейде екенін көрсетеді, - деді ол.

Ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңартылуына жүргізілген талдау өңірлердің жаңартудың ең төменгі технологиялық деңгейі – 6%-ға қол жеткізе алмай отырғанын көрсетеді. Жоғары жаңарту деңгейі Ақтөбе, Қызылорда және Қарағанды облыстарында, төмен жаңарту деңгейі Алматы, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында байқалады.

2020 жылы жаңартудың орташа деңгейі 4,1%-ды құрады. Жаңарту қарқынын жеделдету үшін облыстар әкімдіктері республикалық бюджеттен басқа, жергілікті бюджеттен де қаражат тартып, ауыл шаруашылығы техникасының басым түрлерін, оның ішінде кооперативтік бірлестіктер үшін сатып алуды субсидиялау нормативтерін қосымша ұлғайтуы қажет. Мұндай нормативтік құқық инвестициялық субсидиялау қағидаларында көзделген, - деп атап өтті Сапаров.

Биыл фермерлердің отандық техникаға деген сұранысы артқаны байқалады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректеріне сәйкес мамыр айындағы жағдай бойынша отандық кәсіпорындар 1,6 мыңнан астам трактор жасап шығарды, бұл 2020 жылдың деңгейінен 3,2 есе көп.

Отанымызда құрастырылатын Кировец, Версатайл, Беларус, Ловол тракторлары фермерлер арасында үлкен сұранысқа ие, олар алыс шет елдердің осындай сыныптағы техникасымен салыстырғанда едәуір арзан. Сонымен қатар астық жинау науқанына Акрос және Ессил секілді комбайндардың танымал моделдері өндірісінің ұлғаюын, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында КЛААС комбайндары өндірісінің басталуын күтудеміз, - дейді министр.

2021 жылдың 5 айында республика бойынша 140,8 млрд теңгеге 8,7 мың ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды, бұл осындай кезеңде сатып алу деңгейінен 2,2 есеге көп. Отандық техника үлесі 70%-ды құрайды.

Министрдің айтуынша, жыл соңына қарай машина-трактор паркін жаңарту 4,4% деңгейіне жетеді деп күтіліп отыр. Бұл Мемлекет басшысының еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға жәрдемдеседі.



Өзгелердің жаңалығы