Фермерлерді салықтан босату. Смайылов депутаттар ұсынысына жауап берді

23 Мамыр 2023, 17:00
3281
Бөлісу:
Фермерлерді салықтан босату. Смайылов депутаттар ұсынысына жауап берді
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Депутаттардың ұсынысына сәйкес ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді салық пен төлемдердің барлық түрінен босату қажет, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Осыған дейін Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден бастаған топ қазіргі ауылдың жай-күйін айтып, фермерлерді салықтан босату бойынша ұсыныс айтқан еді . Олардың сауалына Премьер-министр Әлихан Смайылов жауап берді.

Ауыл шаруашылығы саласы субъектілерінен алынатын салықтардың негізгі бөлігі (ҚҚС және КТС-тан басқа) жергілікті бюджеттердің кірісіне түседі. Бұл саланы салық төлеуден босату жергілікті бюджеттердің шығынына әкеледі. Сонымен қатар мұндай ұсыныс пен өтініштер басқа салалардың субъектілерінен де келе бастайды. 2021 жылғы статистика бойынша елімізде 241,4 мың ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші тіркелді. Олар бюджетке 87,1 млрд теңге төледі. 2022 жылы олардың саны 248 мыңға дейін өсіп, олар бюджетке 105,4 млрд теңге төледі, - делінген жауапта. 

Әлихан Смайыловтың айтуынша, ауыл шаруашылығында бизнесті жүргізу мен кеңейту шарттарын жақсарту үшін Үкімет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекет тарапынан қолдаудың кешенді шараларын қабылдап жатыр.

Қолданыстағы салық заңнамасында бірқатар салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі бар. Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін корпоративтік табыс салығы бойынша 10% мөлшерінде төмендетілген мөлшерлеме көзделген. Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйымның бюджеттік субсидиясы қосылған құн салығынан босатылған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілерге ҚҚС сомасы 70%-ға азайтылған. Ал жабдықтар, ауыл шаруашылығы техникасы, қосалқы бөлшектер, пестицидтер (улы химикаттар), барлық түрдегі асыл тұқымды мал және қолдан ұрықтандыруға арналған жабдық, ірі қара мал сияқты импортталатын тауарларға ҚҚС есепке жатқызу әдісімен төленеді, - дейді Үкімет басшысы.

Бұл ретте агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне салық салуды жетілдіру жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жүргізіліп келеді.

Өзгелердің жаңалығы