Фермерлерге несие беруді автоматтандырудың артықшылықтары

7 Қыркүйек 2020, 23:52
2077
Бөлісу:
Фермерлерге несие беруді автоматтандырудың артықшылықтары

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ауыл тұрғындарына несиеге өтінімді онлайн форматта беру мүмкіндігін ұсынып отыр.

«Еңбек» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытуға несие алуды жоспарлап отырған шалғайдағы ауыл тұрғындары жеке компьютерден несие алуға өтінім жіберіп, электрондық несие комитетінің мақұлдауын ала алады. Жүйе Ақмола және Алматы облыстарының кәсіпкерлері үшін тесттік режимде іске қосылды. Алдағы уақытта бұл механизмді басқа облыстарға да енгізу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 1-қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады», - деп атап өткен болатын. Бұл ақиқат. Шағын кәсіпкерлікпен айналысатын ауылдықтарды мемлекет тарапынан қолдаудың орны бөлек. Әсіресе, кәсіп бастаймын деген азаматтардың шағын несиеге жылдам қол жеткізуін қамтамасыз ету өте маңызды.

Мысалы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытуға (4 млн теңгеге дейін) несие алғысы келетін кәсіпкерлердің үйінде отырып-ақ, немесе филиал кеңсесіндегі өзіне өзі қызмет көрсету аймағындағы компьютерден несиеге өтінімді онлайн форматта беру мүмкіндігін жасап отыр. Әзірге бұл жүйе тесттік режимде Ақмола мен Алматы облысының кәсіпкерлері үшін іске қосылды. Алдағы уақытта Қордың басқа облыстардағы филиалдарына енгізу жоспарланып отыр. 

Бұл жерде кәсіпкер өтінімінің мақұлданғанын немесе мақұлданбағанын алдын-ала біле алады. Бұрын 10-13 құжат жинау талап етілген болса, қазір тек өтінім берушінің жеке куәлігі, электронды цифрлық қолтаңбасы және кепілдікке қоятын мүлігінің құжаты ғана қажет.

Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қайназар ауылында тұратын Анапия Аймұхан несиеге онлайн-өтінім берген шаруалардың алғашқысы. Қой шаруашылығын дамытуға үшінші рет несие алғалы отырған шаруа автоматтандыру жүйесінің артықшылығы жөніде айтып берді.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан осыған дейін екі рет несие алып, қой шаруашылығын бастаған едім. Үшінші рет тағы несие алғалы отырмын. Бұрын несие алуға 10-13 құжат жинайтын едік. Қалаға жиі баратынбыз, Халыққа қызмет көрсету орталығының кезегіне тұрып қанша уақыт кетіретінбіз. Жалпы құжат жинауға екі аптадан бір айға дейін уақытымыз кететін. Жол шығынымыз тағы бар. Қазір ЭЦП кілтім, жеке куәлігім және кепілдікке қоятын мүлігімнің құжаты ғана керек. Үйде отырып-ақ, алдын ала өтінім беруге мүмкіндік жасаған екен. Қуанып отырмын. Бір сағат бұрын ғана 4 млн теңге несие алу үшін онлайн өтінім берген едім, міне өтініміңіз мақұлданды деген хабарлама келді. Ары қарай несие алуыма ештеңе бөгет болмайды. Шаруалар үшін осындай мүмкіндік жасауға ықпал еткен Президентімізге, мамандарға көп рахмет!, - дейді Анапия Аймұхан.

Алматы филиалының «Өзіне өзі қызмет көрсету» аймағындағы компьютерлерден несиеге онлайн-өтінім берген шаруалардың бірі –  Рустем Асимов.

Мен Талғар ауданынан келдім. Осы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан бұрын бір рет  несие алғанмын. Ол несиені жауып тастап, міне екінші рет тағы несие алуға онлайн-өтінім беріп отырмын. Алдыңғы несиені аларда көп құжат жинағанмын. Осы жол бәрі оңай, тек ЭЦП кілт болса компьютерде отырып-ақ көп жұмысты тындыруға болады екен. Мамандар кеңес беріп, көмектесті. Негізі ешқандай қиындығы жоқ екен, - дейді несиеге ірі қара мал сатып алуды жоспарлап отырған кәсіпкер.

Айта кетейік, кәсіпкер үйінде немесе кеңседе отырып, жүйеге өзінің электронды цифрлық қолтаңбасының (ХҚКО-нан немесе egov.kz арқылы алған) көмегімен кіреді де «Еңбек» бағдарламасының талаптарына сәйкестігін тексеруге өтінім жібере алады.

Несиені алдын-ала онлайн мақұлдауға өтініш беру үшін не істеу керек? Егер сіз Ақмола немесе Алматы облысының тұрғыны болсаңыз және мал шаруашылығын дамытуға қаржы алғыңыз келсе, www.online.fagri.kz порталына кіріңіз және келісімге қол қойыңыз. "Жаңа өтінім жасау" батырмасын басып, өтінімді жеке кабинет арқылы жіберіңіз. Жүйе мемлекеттік дерекқордан ақпарат сұрату арқылы азаматтың несие алу мүмкіндігі мен сенімділігін тексереді. Оң нәтиже болған жағдайда "жалғастыру" батырмасы іске қосылады. "Кепілдікті қамтамасыз ету" бөлімінде кепілге қоюды жоспарлаған мүлікке қатысты деректерді енгізіңіз, жүйе мүліктің нарықтық құнын есептейді. Ұсынылған кепілдік мүлкі жеткілікті болған жағдайда жүйе кепілдікті қамтамасыз ету жөніндегі құжаттармен облыстық филиалға жүгіну мүмкіндігі туралы хабарламаны көрсетеді, - дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарушы директоры Марина Асанова.

Құжаттарды несие менеджеріне тапсырғаннан кейін сіз өзіңіздің жеке кабинетіңізден өтініміңіз бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың қай деңгейде екенін бақылай аласыз. Уәкілетті орган оң шешім шығарған жағдайда несие шартын жасасу үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалына баруыңыз керек.

Өтінімді алдын ала мақұлдау шешімі 10-15 аралығында қабылданады. Ал, өтінімді одан әрі қарау мерзімі 15 күннен 3 жұмыс күніне дейін қасқарды.
Өзгелердің жаңалығы