Кәсіподақтар федерациясы Мақтааралға 66 млн теңгенің көмегін көрсетті

17 Маусым 2020, 19:35
1766
Бөлісу:
Кәсіподақтар федерациясы Мақтааралға 66 млн теңгенің көмегін көрсетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Түркістан облысының Мақтаарал ауданына ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин және Өзбекстан Республикасы Жизақ облысы кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Нусуратулла Пардаев барды.

Бүгін екі тараптың келісімімен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) және Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы (ӨКФ) тарапынан мамыр айының басында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуы салдарынан болған су тасқынынан зардап шеккен елді мекен тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсетілді.

Қазақстан және Өзбекстан делегациясы "Өргебас" және Фердоуси ауылдарына барып, су апаты зардаптарын жою барысындағы атқарылған жұмыстардың барысымен және "Достық", "Жеңіс", "Жаңа-тұрмыс" елді мекендеріндегі су тасқыны салдарынан баспанасыз қалған азаматтарға салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Мақтаарал ауданының тұрғындарына Сардоба су қоймасында болған апаттың алғашқы күнінен бастап барлық Қазақстан халқы су тасқынынан зардап шеккен елді мекен тұрғындарына қол ұшын созып, көмек бергендерін жеткізді.

Мақтаарал – ұлылардың табаны тиіп, рухы жайқалған киелі жер. Мақтаарал ауданының тұрғындары берекені көктен емес, қажырлы еңбектен тілеген тынымсыз еңбекқор жандар екенін біз жақсы білеміз. Қазақ халқы адам өмірінде алты апат кездеседі дейді. Олар жұт, қуаңшылық, зілзала, індет, тасқын су – сел, өрт. Соның бірі – сіздер зардап шегіп отырған су тасқыны. Осындай кезеңде дүйім жұрт болып, барша Қазақстан халқы қолындағы барымен бөлісіп, көмек көрсетіп жатқаны – жылу дәстүрі деп аталады екен.  Мұқтаж жанмен өз жылуымен бөлісу дәстүрі қазақ халқының қанында бар. Сондықтан да, біз осындамыз. Кәсіподақтар елмен бірге, сіздерге жылумен келдік. Осындай қажетті іс-шараларды жедел түрде қарастырып, жүзеге асырған Президент пен Үкіметке өз ризашылығымды білдіргім келеді. Өз кезегінде, әріптесіміз  Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясымен  ортақ келісім бойынша Мақтаарал ауданы елді мекендері тұрғындарын қолдау мақсатында бірлесіп 66 миллион теңгенің көмегін көрсету туралы шешім қабылдадық. Біз төрт орта білім беретін мектептерге интерактивті компьютерлік сыныптардың толық жабдығын тапсырамыз, - деді С.Дәулеталин.

Оның айтуынша, бұл апат барлығына үлкен сынақ, бірақ бауырлас халықтардың өршіл рухын жасыта алмады, қайта одан әрі жақындастыра түсті. 

"Бірлігі бар елдің, белін ешкім сындырмас" деген сөз бар халқымызда. Біздің күшіміз – бірлікте. Әрбір қазақстандық зардап шеккен бауырларына қолын созып, көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Бізді бауырлас өзбек халқы да қолдады, - деді Кәсіподақтар федерациясы басшысы.

ҚРКФ басшысы Аманжолов, Мүсірепов, Фердоуси атындағы орта білім беретін және "Нұрлы жол" елді мекеніндегі мектептердің директорларына 25 ноутбук, 25 парта мен 50 орындық, 2 принтер, бір-бірден мультимедиалық тақта табыс етті. Сонымен қатар, су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің 100 тұрғынына ҚРКФ қарасты "Көктем", "Меркі", "Манкент", "Жаңақорған", "Щучинск" 5 шипажайға жолдама беріліп, денсаулықтарын нығайтып, сауықтыру ем-шараларын қабылдауға мүмкіндік алды. Тегін жолдамалар зейнеткерлерге, мұғалімдерге, сондай-ақ, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға да берілді.

Апаттан зардап шеккен ауданның мұғалімдеріне Республикалық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағы тарапынан да елеулі қолдау көрсетіліп, 365 білім саласы кәсіподақ мүшесіне материалдық көмек ретінде 35 мың теңгеден берілді. ҚР Кәсіподақтар федерациясының мүшелік ұйымдары 50 млн теңгенің көмегін көрсетті.

Өз кезегінде Өзбекстаннан "Достық керуенін" бастап келген, Жизақ облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Өзбекстан Сенат депутаты Нусуратулла Пардаев бауырластық әрі көршілік қарым-қатынастар қазақ және өзбек халқының  қатынастарының негізі болатынын атап өтті.

Бүгін таңертең Қазақстан-Өзбекстан шекарасынан біздің "Достық керуені" өтті. Біз де Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы сияқты бауырлас халықтың басына түскен осы қиындықта бейтарап қала алмадық және біздің қазақстандық әріптестердің зардап шеккендерге қайырымдылық көмек көрсету акциясына қосылдық, - деді өзбекстандық делегацияның басшысы.

 Өзбекстан кәсіподақтары жалпы сомасы 16 миллион теңге көлемінде гуманитарлық көмек алып келді. Соның ішінде алғашқы қажеттілік тауарлары – құрылыс материалдары, төсек-орын жабдықтары мен азық-түліктер бар.  

Қоғам қайраткері Көпен Әмірбек өз кезегінде Қазақстан және Өзбекстанның екі ірі кәсіподақ бірлестіктеріне өз ризашылығын білдірді.

"Өзгенің қайғысы деген болмайды" дейді дана қазақ халқы. Кәсіподақтар федерациясы бірлік, ынтымақтастық пен ортақтастық атты кәсіподақтар қағидаларына беріктігін тағы бір дәлелдеді. Өз жерлестерімнің атынан Қазақстан және Өзбекстан кәсіподақтарына зор алғысымды білдіремін. Өзбек халқында тамаша бір мәтел бар. "Егер сіздің досыңыз қазақ болса, сіз жолдан адаспайсыз", - деді К.Әмірбек.

Мақтаарал ауданының тұрғындары Өзбекстан және Қазақстан кәсіподақтарына осы бастамалары мен ауданның өмірін қалпына келтіруге сіңірген елеулі үлестері үшін өз алғыстарын білдірді.
Өзгелердің жаңалығы